Елордада еліміздің бас шыршасы жағылды

Шыршаның биіктігі – 25 метр.

Жарық шамдарымен және ірілі-ұсақты қар тәріздес ойыншықтармен безендірілген. Биыл шыршаға 900 шар ойыншық ілінді.

Астана қаласының әкімдігі ұйытқы болған мерекелік іс-шараға 5 мыңға жуық адам қатысты. ЭКСПО алаңында өткен салтанатты рәсім бірінші кезекте бүлдіршіндердің көңілінен шықты.

- Келе жатқан Жаңа жыл құтты болсын. Алға қадам жасай берейік. Мен бұл жерге ата-анаммен және бауырларыммен келдім.

- Мен Аяз атадан үлкен кітап алғым келеді.

- Жаңа жыл құтты болсын барша қазақстандыққа. Аяз атадан мен қымбат телефон күтемін.

Меймандарды ертегі кейіпкерлері қарсы алды. Оның ішінде «Жарты Ай адамы» түріндегі қуыршақтар, Қар ханшайымы секілді ертегі кейіпкерлері жиналғандарға ерекше көңіл күй сыйлады. Осы жерде жаңа жылдық жәрмеңке, мұз айдыны, лабиринт, фуд-корт, қысқы мұз қалашықтар мен фотоаймақтар ұйымдастырылды.

Елнар Базыкен, қалалық Урбанистика орталығының басшысы:

- Биыл қыс мезгілінде 24 қоғамдық кеңістік жұмыс істейді. Қалада барлығы 60 сырғанақ пен мұз айдыны пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында көше бойындағы талдарға дейін жарық шамдармен безендірілді.

Елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама қойылды. Қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті.

Айта кеткен жөн, бас шаһардың 5 бірдей ауданында 30-ға жуық мерекелік шырша жағылды.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ерлан Наурызбаев.