Ақтөбе қаласын дамытуға 131 жарым млрд теңге жұмсалады
Келер жылы Ақтөбе қаласын дамытуға 131,5 млрд теңге жұмсалады.
Тұрғын үй алаптарындағы мәселелерді шешуге, жол салып, инженерлік инфрақұрылымды жаңартуға және қаланы абаттандыруға баса көңіл бөлінеді. Мәдениет және спорт нысандары жаңартылады. Қаланы дамытуға бағытталған тың жобалар жүзеге асады.
Жыл өткен сайын аумағы кеңейіп, өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Ақтөбеде биыл атқарылған іс аз болмады. Тек қала шеңберіндегі 54 тұрғын алабына баса көңіл бөлудің арқасында, бүгінде олардың басым бөлігі газ, электр, су желісімен қамтылып отыр. Тұрғын үй, құрылыс пен өзге де бағыттар басты назарда.
Азамат Бекет, қала әкімі:
- Астана және Алматы аудандарына 5 млрд 197 млн теңге бағытталуда. Соның ішінде "халық қатысатын бюджет" жобасы аясында 70 жобаны жүзеге асыруға екі ауданға 2 млрд 300 млн теңге бөлінді. 2024 жылы 100 аула аумағына кешенді абаттандыру жоспарланып отыр. Оған балалар ойыны және спорт алаңдарын орнату, асфальттау және жарықтандыру жұмыстары кіреді.
Келер жылы көлік инфрақұрылымын дамытуға 15 млрд теңге бөлінбек. Сондай-ақ қала тазалығына жауапты коммуналдық мекемелерге қосымша 35 арнайы техника алу және қоғамдық көліктердің қатарын 112 жаңа автобуспен толықтыру жоспарда. Шешімін күткен мәселелер де жоқ емес.
Абай Сақтағанов, қалалық мәслихат депутаты:
- Тұрмыстық - коммуналдық шаруашылық және жол. бұл ең бір үлкен біздің қаланың мәселесі. Оның ішінде аулаішілік жолдар, мусор мәселесі. Біздің жаз бойы айтып келген субұрқақтар. Атқаратын жұмыс өте үлкен.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
- Сол инфрақұрылым, жол болсын, соның бәрін рет-ретімен шешу керек. Халық нақты білу керек. Сондықтан облыстық басқармалар, қала әкімдігі бірлесе отырып, жұмыс жасау керек.
Бүгінде қаланы дамытудың бағыттары айқын. Облыстық бюджеттен де қолдау болмақ.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев