«Түркістан Білім-Инновация» лицейі ашылды

Биыл Түркістан облысында мемлекет есебінен 33 мектептің құрылысы басталып, жыл соңына дейін соның 20-сы тапсырылды.

Бүгін «Түркістан Білім-Инновация» лицейі ашылды. Одан бөлек, Мақтаарал мен Жетісай аудандарында жаңа мектеп пайдалануға берілді.

«Түркістан Білім-Инновация» лицейі 700 оқушыға арналған. 500 орындық жатақханасы да бар. Білім ұясы ең соңғы үлгідегі заманауи оқу құралдарымен жабдықталған. Лицей ғимаратының ашылу салтанатына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, оқушыларға сәттілік тіледі. 

Дархан Сатыбалды, облыс әкімі:

- Қауіпсіздік, ыстық тамақ жағынан сіздерге барлық жағдай жасалып отыр. Енді оқушыларымыз тек қана жақсы білім, тәрбие алу керек. Ал ұстаздарымызға соларға жауапты болып, дұрыс білім мен тірбие беру.

Мұнда оқушылар 7 сыныптан бастап білім алады. Ерекшелігі - ұлдар мен  қыздар  бөлек оқиды. Лицей жаратылыстану-математика бағытына басымдық береді. Физика, химия, биология, математика және информатика пәндері ағылшын тілінде өтеді. Оқушылар 4 тілді меңгеріп шығады.  

Жансұлу Нұғман, оқушы:

- Қазақша, орысша, ағалшынша және түрікше. Басқа мектептерден айырмашылығы – түрікше арнайы білім бағдарламасы бар. Біз осы «Түркістан білім-инновация» лицейінің ашылғанына өте қуаныштымыз.

Жаңа мектеп ашылды

Бүгін Жетісай қаласында да жаңа мектеп ашылды. 300 орындық білім ұясы физика, химия, информатика, мултимедиялық және лингафондық кабинеттермен жабдықталған. Сонымен қатар  мұнда спорт залы, зертхана кабинеттері мен тігін шеберханасы бар. Жоба құны 1,4 млрд теңге. Мұнда ІІІ тоқсаннан бастап 562 оқушы білім алады.

- Шоқан Уәлиханов атындағы мектебіміз қайта жаңарып, бізге бақыт пен қуаныш сыйладыңыздар. Сіздерге ризамыз, ризамыз!!!

Бұдан бөлек Мақтаарал ауданы Өркениет елді мекенінде де 200 орындық мектеп ел игілігіне берілді. Бұрын балалары көрші ауылға қатынап оқитын ауыл тұрғындары жаңа білім ұясын ашуға қолдау көрсеткен өңір басшысына ризашылығын жеткізді. Жаңа мектепте оқушылардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Кабинеттер соңғы үлгідегі заманауи технологиялармен жабдықталған.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш