Астанада Президенттің жаңажылдық шыршасы өтті
Бүгін елордадағы оқушылар сарайында Қазақстан Республикасы Президентінің жаңа жылдық шыршасы өтті.
Шыршаға 6-дан 13 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, оқуда, спортта жетістікке жеткен 200 ден астам бала қатысты.
Бүгінгі жаңа жылдық шырша мерекесіне оқушылар мен ата-аналар жиналды. Шара қала әкімі Жеңіс Қасымбектің құттықтау сөзімен басталды. Қатысушылар алдында қазақ эстрадасының жұлдыздары да өнер көрсетті. Сондай-ақ балалар Фиксиктер, Тазша бала, Ертөстік, Таусоғар сынды мультфильм және ертегі кейіпкерлерінің қойылымын тамашалап, олармен түрлі ойындар ойнады.
Дінмұхаммед Дәулеткелдіұлы, оқушы:
- Мен бүгін президентіміздің ұйымдастырған іс-шарасы жаңа жыл іс-шарасына келіп отырмын. Сол іс-шараға арнап Катар мемлекетінен шейхтын киімін алдырдым. Күшті белсенді түрде өтеді, жылда болады. Іс-шараға рақмет.
Бүгінгі жаңа жылдық шырша балаларға ғана ұнап қоймай, ата-ананы да қуантты.
Дәулеткелді Қасқарауов, ата-ана:
- Президентіміздің ұйымдастырған елкасы өте әдемі өтіп жатыр. Ризамыз, балалар көңілді. Біз өзіміз 83-мектептің атынан келдік. Президентімізге мыңда бір рақмет. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын.
Шараға келген оқушыларға жаңа жылдық сыйлық ретінде киім сатып алуға сертификаттар, тәттілер, жұмсақ ойыншықтар, сондай-ақ спорттық рюкзак табысталды.
Әлішер Әли, Нұрғали Мамурбаев