Алматы облысында газ тарату станциясының құрылысы аяқталды
Алматыны жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ететін 3-жылу электр орталығына арналған автоматты газ тарату станциясының құрылысы аяқталды.
Бұған дейін мемлекет басшысы елдегі ең ірі мегаполистегі жылу электр орталықтарын газға көшіру жөнінде тапсырма берген. Осы міндетті QazaqGaz ұлттық компаниясына қарасты «Интергаз Орталық Азия» ұйымы жүзеге асырды.
Үшінші жылу электр орталығына арналған автоматты газ тарату станциясының өнімділігі сағатына 150 мың текшеметр. Мамандардың айтуынша, нысан Алматымен қоса оның маңындағы аудандардың экологиясын жақсартуға айтарлықтай септігін тигізбек. Сонымен қатар бұл жоба күн санап өсіп келе жатқан энергияға деген сұранысты қамтамасыз етеді.
Руслан Сүйіндіков, «Интергаз Орталық Азия» АҚ Алматы филиалының директоры:
- Бұл станция автоматтандырылған. Бүкіл процестер автоматты түрде жүргізіледі. Бұл жерде жоғарғы қысымды газды төменгі қысымға түсіріліп, 5,4 МПа-дан 1,2 МПа-ға төмендетіледі. Сонымен қатар бұл жерде газ қысымын төмендетуден бөлек, газды тазарту, өлшеу, есептеу және соңында одаризация процестері өтеді.
Бұған дейін QazaqGaz ұлттық компаниясы екінші жылу электр орталығына арналған автоматты газ тарату станциясының құрылысы мен Қазақстан-Қытай және Алматы-Байсерке-Талғар магистральдық газ құбыры арасындағы тұйықтағыш құбырдың құрылысын аяқтады. Жобаның тиімділігін қала мен облыс халқы бірдей көріп отыр.
Асхат Бердіханов, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы:
- Станция электр қуатын өндірумен де айналысады. Оның іске қосылуы тұрғын үйлерге табиғи газды жеткізуге мүмкіндік берді. Көгілдір отын тоқтаусыз келіп тұратын болады.
Сонымен қатар QazaqGaz компаниясы «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральдық газ құбырының екінші желісін салып жатыр. Оның ұзындығы 62 шақырымнан асады.
Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев