Ақмола облысында Президент шыршасына екі жүз бала қатысты
Ақмола облысында ұйымдастырылған Президент шыршасына биыл 200 бала қатысты.
Оқушылар концерттік бағдарлама мен театрландырылған қойылымдарды тамашалап, мемлекет басшысының атынан берілген сыйлықты алды. Сондай-ақ балаларға облыс орталығындағы музейлерге экскурсия ұйымдастырылып, жаңа жылдық түрлі тосын сыйлар ұсынылды.
Балалар жаңа жылдық кешті асыға күтеді. Ал олар үшін Президент шыршасына қатысу тіптен бөлек сезім. Себебі мұндағы мерекелік көңіл күй ерекше. Жалпы ұйымдастырушылар жыл сайын барлық санаттағы балғындарды қамтуға тырысады. Осы жылы да шараға әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер, оқуда озат оқушылар қатысты.
Айым Дөтей, оқушы:
- Негізі осы шыршаға келу маған арман болған. Өте әсерлі. Қуанышты әсер алып жатырмын. Осы алдағы 2024 жаңа жыл керемет өтсін. Өмірдегі барлық жақсылықтар, арман мақсаттарыңыз іске ассын.
Жанару Қойшығара, оқушы:
- Қазіргі кезде көңіл күйім өте керемет, тамаша. Мақтаныш сезімі де бар. Көптеген балалармен бірге Президент шыршасына қатысып жатырмын. Қобалжу сезімі де бар.
Оқушылардың ешқайсы жаңа жылдық сыйлықсыз қалған жоқ. Өңір басшысы Марат Ахметжанов балғындардың қуанышын бөлісіп, әрқайсына 100 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табыстады.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
- Қандай білімді ұрпақ болса ертең еліміздің болашағы сондай болады. Жер қойнауындағы байлық емес, бүгінгі ең құндылығымыз адами байлық. Сондықтан бүгін заман талабына сай, үлкен конкурецияңға дайын ұрпақ өссе, Қазақстанның болашағы жарқын боларына кәміл сенемін.
Президент шыршасына жиналған балалар, Көкшетауда екі күн бойы қыдырады. Мәселен, алғашқы күні оларға, қаланың көрікті жерлерін тамашалап, музейлерді араласа, келесі күні кішкентай қонақтар үшін концерттік бағдарламадан соң тәтті толы дастарқан жайылды.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко