Оралда 360 отбасы қоныс тойын тойлады
Оралда 360 жанұя қоныс тойын тойлады. «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша «Отбасы банктің» салымшыларына пәтер кілті тапсырылды.
Одан бөлек, кезекте тұрған азаматтарға арнап биыл облыста 180 пәтер сатып алынса, келер жылы 290 баспананы сатып алып жалға беру жоспарланған.
Әр шаршы метрдің құны 200 мың теңге болса, «Отбасы банкінен» 20 жылға берілетін жеңілдетілген несиенің пайыздық ставкасы – 2%. Оның үстіне мүмкіндігі жоқтарға бастапқы жарна қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінен бөлінеді. «Бақытты отбасы» бағдарламасының 360 қатысушысы бүгін, міне, осындай шарттармен баспаналы болды.
Медет Исламғалиев, қала тұрғыны:
- 7-8 жылдан бері кезекте тұрам, үйдің кезегінде. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анамыз. Қуаныштымыз, жарық, жақсы, кең үй алып жатырмыз. Рақмет айтамыз.
Айнұр Әбілғазиева, қала тұрғыны:
- 2018-ден бері кезекте тұрдым. Тұрғаныма 5 жылдай болды. Пәтер алғаныма қуаныштымын. «Круглоозерный» интернатта жаттым 20 жылдай.
Отбасы банк салымшыларына бүгін 3 үй тапсырылса, тағы көпқабатты 9 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Таяу 3 жылда 25 үй салу жоспарда. Одан бөлек, баспанаға мұқтаж жандарға пәтерлерді сатып алуда да айтарлықтай өзгеріс бар.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
- Биыл біз қалаға кезекте тұрған 25 отбасыға пәтер сатып алып беріп жатырмыз, облыс көлемінде 180 пәтер сатып алып беріп жатырмыз. Келесі жылы да осы жұмыстарды жалғастырамыз. Бұл – тұрғын үй құрылысынан басқа жұмыстар. Келесі жылы облыс көлемінде 290 тұрғын үйді және пәтерлерді сатып аламыз, соның ішінде қалаға 130 пәтер. Биыл қала көлемінде 14 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына 1-2 топтағы мүгедектер мен мүгедектерді тәрбиелеушілер, көпбалалы және толық емес отбасылар, жетім балалар қатыса алады. Ал жалпы Орал қаласында пәтер кезегінде 13 санат бойынша 22 мың азамат тіркелген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов.