Алматыда жарық пен жылу үздіксіз беріледі
Осы жылу маусымында «Самұрық-Энерго» компаниясына қарасты барлық электр станциясы қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр.
Яғни, жарық пен жылу жүктемесі белгіленген кестеге сай беріліп келеді. Жылуға жауапты мекемелердің айтуынша, алғашқы қатты аязда кәсіпорындар түгелдей штаттық режимде жұмыс істеді. Ешқандай түйткілді мәселе туындаған жоқ. Отын қоры жеткілікті.
Алматыдағы екінші жылу электр станциясы 510 мегаватт электр энергиясы мен 1411 гигакалория жылу өндіреді. Мегаполистің жартысына жуығын, яғни 50%-ін осы кәсіпорын жылумен қамтамасыз етеді.
Фазоил Салимов, екінші жылу электр орталығының директоры:
- Алматы екінші жылу орталығы – осы аймақтағы үлкен кәсіпорындарың бірі. Қазір штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Нысан тәулік бойы бақылауда. Мамандар ауысыммен еңбек етеді. Мұнда 700-ге тарта адам бар. Орталық «Алматы электр станцияларымен» бірге жұмыс істейді.
Жаз кезінде «Самұрық-Энерго» жылыту орталықтарының басты және қосымша қондырғылары, құралдары толық жөндеуден өтті. Көмір мен мазут қоры жеткілікті. Осыған орай жылу маусымын ойдағыдай атқарамыз, - дейді мұндағы мамандар.
Абзал Жақыпбаев, екінші жылу электр орталығының бас инженері:
- Қатты аяздарда біздің станция штаттық режимде ешқандай апаттық ешқандай жағдайлар болған жоқ. Штаттық режимде өттік. Сондай суықтар болса, штаттық режимде өтеміз деп ойлаймын. Өйткені негізгі және қосалқы құрылғылар бәрі дайын.
«Алатау жарық компаниясы» да жылу маусымына дайындықты ерте бастаған. Бұл кәсіпорын Алматы мен Алматы облысындағы 4 миллион халықты электр энергиясымен қамтамасыз етеді.
Ғабдолла Бекшаев, «АЖК» АҚ өндірістік-техникалық басқармасы бастығының орынбасары:
- Электр энергиядан тапшылық болмау үшін АЖК күрделі жөндеу жұмыстарын жыл сайын жүргізеді. Кабельдік желілерді трансформаторлық подстанцияларды – соның бәрін жөндеуден өткіздік.
Қыс қаһарымен сынайды. Бірақ дер кезінде қолға алынған шаралардың негізінде жылу мен жарық үздіксіз беріледі, - дейді сала мамандары.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Сержан Жұмабаев.