Батыстағы шалғай ауданның үш ауылында жаңа мектептер ашылды
Батыс Қазақстан облысында биыл құрылысы басталған 27 мектептің 17-сі жақында пайдалануға беріледі.
Бүгін Қаратөбе ауданының Шалғын, Ханкөл және Соналы ауылдарында жаңа білім ордалары есігін айқара ашты.
Шалғайдағы Шалғын былтыр су басқан ауылдың бірі. Тасқын кезінде білім ордасы да бүлінген. Содан бері оқушылар мәдениет үйінде оқыған. Енді Жаңа жылдан бастап шәкірттер еңселі де кең, жарық та жылы, жаңа ғимаратта білім алады.
Әлішер Қабаев, Шалғын негізгі мектебінің оқушысы:
-Бұрынғы мектебіміз ол апатты жағдайда болды. Және де кейбір жерлерінде іргеден салқын келіп тұрды және де кейбір кластар салқын болды. Жаңа мектебімізде барлық құралдар түгел, заттарымыз да бар.
Айгүл Әлмағамбет, мұғалім:
-Біз өте қуаныштымыз. Ауылымызға үлкен жарқыраған мектеп ашылып, біздерге көптеген мүмкіндіктер жасалып жатыр. Көп- көп рахметімізді айтамыз. Ауыл болып қуанып жатырмыз.
Биыл өңірде КПО компаниясының есебінен 15 шағын жинақты мектеп салынды. Соның екеуі Ханкөл, Соналы ауылдарында бой көтерді. Екі мектеп те 60 орындық. Пән кабинеттерімен қоса спорт залы, асхана, акт залы қарастырылған. Тұрғындарды құттықтаған өңір басшысы «Ендігі міндет білім сапасын жақсарту» деді.
Нариман Төреғалиев, облыс әкімі:
-Қалада балаларымыз қандай мектепте оқыса, ауылдық жерлерде де қаладан кем болмайтындай жағдай жасау. Мемлекет Басшысының тапсырмасы да осындай. Міне қазір қала мен ауылдық жердегі мектептің білім сапасының алшақтығы жайлы көп айтамыз, қалаға қарағанда ауылда білім нашар деп. Міне осындай жағдай болмасын деп мемлекет осындай керемет мектеп салып беріп жатыр.
Аймақта «Жайлы мектеп» жобасы аясында 18 мектеп салу жоспарланған. Оның 9-ы келер жылы тапсырылмақ.
Е.Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов