Шымкентте кинотеатр ашылды

Шымкент City Mall сауда орталығында Kinoplexx 9 лазерлік кинозалы ашылды.

Бұл – Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясы ұсынған  Қазақстандағы 26-шы және мегаполистегі ең үлкен төртінші кинотеатр. Іс шара аясында кештің қонақтары үшін отандық фильм көрсетілді.

950 көрермен сиятын кинотеатр озық технологияның соңғы үлгілерімен жабдықталған. 9 залдың үшеуі түрлі артықшылықтарға ие. Барлығында жоғары жайлылық қарастырылған. Лазерлік жүйе, 12 арналы дыбыс көрерменге ерекше әсер сыйлайтынына сенімдіміз, - дейді кинотеатрлар желісінің өкілі.

Әбдірашид Рахметов, Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниясының вице-президенті:

- Экран, дыбыс – бәрі Dolby. Соңғы технологиялардың үлесінен жасалған. Орындықтар экотеріден жасалған. Өте ыңғайлы. Бізде өзіміздің кинотеатрларда әртүрлі акциялар бар.

Кинотеатрдың ресми ашылуына орай «Бишарашки 2» отбасылық кино көрсетілім ұсынылды. Жиынға фильмнің басты рөлін сомдаған Жан Байжанбаев, Еркебұлан Тоқтар және өзінің актерлық қырын танытып жүрген Жанқош Тұраров та арнайы қатысып, киносүйер қауымды құттықтай келді.

Жанқош Тұраров, спортшы, актер:

- Шымқала тұрғындарын осы киноға шақырамын. Жатақхананың қызықты оқиғаларын келтіре отырып жасалған дүние. Халық өз бағасын бере жатар, Алла қаласа.

Сонымен қатар сеанс кестесін күткен кинокөрермен үшін зал аумағында барлық жағдай жасалған. Олар мейрамханалық ас мәзірі және тез дайындалатын тағамдардан дәм татып, бағалы уақытын тиімді өткізуіне болады.

Гүлсім Хамзина, қала тұрғыны:

- Қазіргі уақытта қазақ кино өндірісі өте қатты дамып келе жатыр. Біріншіден, айтар ойы бар. Бәрі ұнап жатыр.

Орталық Азиядағы ең ірі кинотеатрлар желісінің Қазақстан аумағында 26 экранды кинотеатры бар. Оның төртеуі Шымкентте ашылған.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.