«Прокурорлық сүзгі» жобасы жұмысын бастады
Енді бақылаушы және уәкілетті органдар инвестициялық жобаларға қатысты тыйым не шектеу шараларын прокуратурамен келісуі керек.
Құзырлы орган «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында шешімдердің заңдылығына баға береді. Бүгін Таразда құжаттың таныстырылымы өтті. Мамандар инвестжобаларға қолдау көрсету арқылы экономиканың дамуын ілгерілетеміз деген пікірде.
Жамбыл облысында химия өнеркәсібі бойынша бірнеше алпауыт инвестор жұмыс істейді. Солардың бірі – нартий ционидін өндіретін «Талас Инвестмент» компаниясы. 600 адамды жұмыспен қамтып отырған зауыт жылына 15 мың тонна өнім шығарады. Келер жылы өндірісін екі есеге өсіруді жоспарлап отыр. Десе де мәселе туындап, қажет қаржыға қол жеткізе алмады. Алайда аймақ прокурорларының араласуымен жоба жалғасты.
Мерей Омаров, «Talas Investment Company» ЖШС директоры:
- Біз бұған дейін «Қазақстанның Даму Банкінен» несие алған едік. Жобаның екінші кезеңін іске асыру үшін қайта қаржыландыру қажет болды. Бірақ уәкілетті органдар жерді екінші рет кепілдікке қоюға рұқсатын бермеді. Ал прокуротура өкілдері дер кезінде заңды жолмен көмегін ұсынып, қажетті соманы алуға жәрдемдесті.
Прокурорлар бұдан былай инвестициялық жобалардың іске асуын тікелей қадағалайды. «Прокурорлық сүзгі» жобасы инвесторларды бюрократия, негізсіз айыппұл мен салық, сот созбалаңынан қорғауға мүмкіндік бермек. Жобаға әзірге аймақтағы 69 нысан енді. Олар іске асса, 700-ден аса жұмыс орны ашылмақ.
Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметінің бастығы:
- Әр инвестормен тікелей байланыс орнатылған. Олар бізбен күндіз-түні, тәулік бойы демалыс күніне қарамастан хабарласа алады. Сол проблемалары жедел уақытта шешуге біз атсалысып, қабылдаймыз.
Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Көптеген іске асырылған жобалар бар. Олардың істемей тұрғандары бар, жартылай істеп тұрғандары бар. Барлық билік өкілдері оларға жағдай жасау керек. Ол инвесторларға жағдай жасағанда ол инвестор да өзінің алған міндеттерінің бәрін орындау керек.
2023 жылы облыс прокурорлары 9 мыңға жуық кәсіпкер мен ірі 5 инвестордың құқығын қорғады. Нәтижесінде оларға 246 миллион теңге қаражат қайтарылды. Сонымен қоса негізсіз кәсіпкерлікпен айналысқан 49 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә.