Базалық мөлшерлеме 15,25%-ке төмендеді
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені төмендетті.
Қазір ол 15,25% деңгейінде. Орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов: «мұндай шешімге инфляциялық үдерістердің баяулап келе жатқаны себеп», - дейді. Елде жылдық инфляция былтыр желтоқсан айында 9,8%-ға дейін төмендеген еді. Ұлттық Банк енді оны 5%-ке дейін түсіруді мақсат етіп отыр.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 50 базистік тармаққа төмендетті. Мұндай шешімге инфляциялық үдерістердің баяулап келе жатқаны себеп. Ал инфляцияның әлсіреуіне Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің шаралары себеп болды, - дейді Тимур Сүлейменов.
Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасы:
- 2022 жылғы ақпаннан бастап алғаш рет жылдық инфляция бір таңбалы мәнге жетті. Инфляцияның орнықты бөлігінің көрсеткіштері де тұрақталып келеді. Сыртқы инфляциялық орта жақсарып жатыр. Бұл әлемдік азық-түлік нарығындағы бағалардың одан әрі төмендеуіне және орталық банктердің тежеуші саясатына байланысты.
Азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсуі баяулағанымен, қызметтердің инфляциясы «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өсіп отыр. Енді Ұлттық Банктің бұдан кейінгі шешімдері алдағы уақытта қалыптасатын инфляция мен өз болжамдарының қаншалықты сәйкес келетініне байланысты болмақ.
Ақылжан Баймағамбетов, ҚР ҰБ төрағасының орынбасары:
- Қазір ақшаны жұмсамай, жинау тиімдірек. Себебі баға бұрынғыдай тез өсіп жатқан жоқ. Бірақ инфляция әлі де жоғары. Біздің мақсатымыз – оны біртіндеп 5% дейін азайту. Сондықтан ставканы әлі де жоғары ұстауға тура келеді. Оны өте мұқият төмендетеміз.
Ұлттық Банк басшысы: «экономикадағы ақпараттар легін қадағалап отырамыз», - дейді. Күтпеген өзгерістер болмаса, базалық мөлшерлеме кезең-кезеңімен төмендетіле бермек. Бірақ оның төмендеу циклі ұзаққа созылуы мүмкін екенін Тимур Сүлейменов жоққа шығармады.
Авторлары: Әлішер Әли, Қанат Махмұтов.