Елде геологиялық барлау жұмыстары күшейеді
Елде геологиялық барлау жұмыстарының жүйелі қолға алынбауы тау-кен өндірісінің мүмкіндігін шектеп отыр.
«Қазэнерджи» қауымдастығының өкілдері осылай дейді. Қара алтынның жаңа көзін ашатын инвесторларға барынша қолдау көрсету маңызды. Бұл бағытта атқарылған шаруалар да аз емес.
Экономикасы мұнайға тәуелді Қазақстан үшін жаңа кен орындары қажет-ақ. Алайда геологиялық қызметтің дұрыс қолға алынбауы істің адымын аштырмай отыр, - дейді мамандар. Былтыр Қызылорда өңірінде тақтатас мұнайының мол қорының табылуы салаға соны серпіліс берді. Алайда жаңа байлық көзін игерудің заңнамалық тетіктері жетілмеуі – қолбайлау. Бұл түйткілді «Қазэнерджи» қауымдастығы назарға алды.
Мағзұм Мырзағалиев, Kazenergy қауымдастығының төрағасы:
- Инвесторларға не керек? Инвесторларға нақты заң, түсінікті процедуралар бекітілуі тиіс. Олар да соны айтып отыр. Қауымдастық осы ұсыныстарды әзірлеп, Үкіметке беретін болады.
Қазір қауымдастық құрамында мұнай-газ және энергетика кешінінің 60-қа жуық компаниясы бар. Бұл қатарға ірі шетелдік инвесторлар да кіреді. Елде өндірілетін қара алтының 90%-і осы қауымдастық мүшелерінің еншісінде. Сондықтан оларға жайлы бизнес орта қалыптастыру – өзекті мәселе.
Кевин Лайон, «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры:
- 2023 жылы Kazenergy қауымдастығы арқылы қоғамдық тыңдаулар өткізу ережелеріне және Экологиялық кодекске өз ұсыныстарымызды бердік. Қауымдастыққа қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз.
Джанкарло Рую, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» компаниясының бас директоры:
- Біз серіктестік аясын одан әрі кеңейткіміз келеді. Соның ішінде тәжірибе алмасу мақсатында бірлескен отырыстарды ұйымдастыру жоспары бар.
Бірқатар шетелдік инвестор салаға қаржы құюға дайын екенін жеткізді. Соның бірі Каспий теңізіндегі мұнай ұңғымаларында жүзеге асады.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Нұрғали Мамырбаев.