«Қашан үйленесің?» комедиясы кинотеатрда көрерменге жол тартты
«Қашан үйленесің?»
Сүрбойдақтарға жиі қойылатын сұрақтың бірі осы. Отызға келіп қалса да теңін таба алмай жүрген қыз-жігіттердің өмірін баяндайтын комедия көрерменге жол тартты. Фильмді Tiger Films прдюсерлік компаниясы түсірген.
«Қашан үйленесің?» атты романтикалық комедияның премьерасы да романтикаға толы болды. Шығармашылық ұжым көрермендер арасында ойын ойнатып, бағы жанған жұптар мейрамханаға сертификат ұтып алды.
- La Coppola мейрамханасына осындай сертификат береміз.
Фильмнің актерлері мен ұжымы Kinopark 11 IMAX Esentai кинотеатрындағы алғашқы көрсетілімді көрерменмен бірге тамашалады. Олардың сұрақтарына жауап беріп, түсірілім барысындағы қызықты оқиғалармен бөлісті.
Арнұр Қабдолдаев, актёр:
- Жаңбырдың сахнасы енді аса ауыр сахна деп айта алмаймын, қызықты сахна болды. Сол күні жаңбыр жаумады, өрт сөндіру көлігімен су алып келді. Бес минуттық кадр үшін біз үш сағат далада жаңбырдың астында тұрдық. Дала суық күздің кезі, сол сахна кішкене Айданаға ауыр болған шығар бірақ өзіме қызықты болды.
«Қашан үйленесің?» фильмінен үзінді
Романтикалық комедия Ерлан есімді кітапханашы жігіт пен Баян атты қыздың махаббаты туралы. Ол қыздың жүрегін жаулау үшін түрлі қадамдарға барады. Тіпті, кішкентай інісі мен қарындасы да махаббат оқиғасының кейіпкерлеріне айналады.
Медет Қалибеков, режиссёр:
- Бұл кинода шытырман оқиғаға Данияр Бекжанов жауап береді, Мадина Оспан екеуі. Сол екеуінің бұл фильмдегі оқиғалары сол шытырман оқиғаларға толы. Ал Арнұр мен Айдананың функциялары жаңағы махаббат.
Романтикалық фильмнің премьерасын ұтымды пайдаланған көрерменнің бірі сахнаға шығып, сүйген қызына ұсыныс жасады.
«Қашан үйленесің?» комедиясы 8 ақпаннан бастап Kinopark және Kinoplexx кинотеатрлар желісінен көрсетіледі.
Аршын Кемелжан, Сұлтан Бейсекенов