«ҚазМұнайГаз» ардагерлермен кеңес өткізді
Мемлекет экономикасының темірқазығы атанған қазақ мұнайына биыл 125 жыл.
Осы аралықта қара алтын нарығы айтарлықтай жетістікке жетіп, толағай табыстарға кенелді. Цифрландыру жұмыстары жүргізілді, жаңа зауыттар іске қосылды. Кен орындары ашылды. Мерейтойға орай «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма басшысы Мағзұм Мырзағалиев сала ардагерлерімен жүздесті. Өндірісті дамытуда еңбек сіңірген аға ұрпақ алдында былтыр атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Саланы дамытудың стратегиялық жоспарын пысықтады.
Көз көрген замандастармен қауышу үшін мұнай-газ саласының ардагерлері жиынға әдейі ертерек келгенге ұқсайды. Өңірлердегі өндіріс озықтары болса, отырысқа онлайн қосылуды құп көрген. Келелі кеңеске саланың дамуына еңбегін сіңірген 200-ден астам кәсіпқой ардагер қатысты.
Зейнолла Алшымбаев, «Мұнай-газ кешенінің ардагерлері» РҚБ кеңесінің мүшесі:
- Біздің сол алға қойған мақсатымыз – аға ұрпақтың бай тәжірибесін жастарға жеткізу, жастарға беру. Осындай жұмыстарды ұйымдастыру үшін Қазақстанның 9 аймағында өзіміздің филиалымызды құрдық. Ол жерлерде жемісті барлығы жақсы қызмет жасап жатыр. Қазақстанда 239 қоғамдық кеңес болса, соған 3,5 мың адамдай мүше, оның жартысына жуығы ардагерлер қамтылған.
Алқалы ардагерлер кеңесі мұнай-газ секторын дамытуға қатысты ойларын ортаға салды. Бүгінде саланы отандық және жаһандық нарықты жіті зерделей алатын, білікті де білімді менеджерлер басқарып отыр. Әйтсе, түйткіл жоқ емес, бар.
Таңбай Наушиев, «ҚазМұнайГаз» сарапшылар кеңесінің мүшесі:
- Сол жоғарыда қабылданған шешімдер орта буында, төменгі буында қалай жұмыс жасайды? Қандай сапасы бар ол қызметтерінің? Біз шынын айтуымыз керек, соңғы 10 жылда инженер-техника қызметкерлерімізге көп назар аударған жоқпыз. Бұл бағытта ардагерлердің көмегі үлкен деп ойлаймын.
Жиында секторға құйылатын инвестиция жайы талқыланып, ҚМГ әлеуметтік жобалары таныстырылды. Сонымен бірге отандық мұнай-газ саласының 125 жылдығын атап өтудің жоспары пысықталды.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Руслан Әлиев.