«Бәрі өз қолыңда» фильмі үлкен экранға шықты
Жастық шағыңызға қайта оралсаңыз, не істер едіңіз? Үлкен экранға шыққан «Бәрі өз қолыңда» деп аталатын фильм осы мәселені көтереді.
Кино мелодрама және фантастика жанрын қамтиды. Түсірілім тобының айтуынша, бұл – еліміздегі алғашқы мотивациялық фильм. Картина жас ерекшелігіне бөлінбейді. Жалпы көпшілікке арналған. Тұсаукесері Aport East Молындағы Halyk IMAX Kinopark 16 кинотеатрында өтті.
Фильмнің басты кейіпкері – Әсел есімді қыз. Жасы 40-қа келіп қалған. Оның отбасында да, жұмысында да ісі алға баспай қояды. Бірде Әсел сыныптастарының кездесуіне барады. Құрбы-құрдастарының жетістігін, әсіресе табысқа жеткен Гауһарды көріп, тіптен көңіл күйі түседі. Мектеп кезінде өзін жақсы көрген Тимурмен әңгімелеседі. Сол уақытта өзі дұрыс шешім қабылдаса, бәрі басқаша болатынын түсінеді. Киноның режиссері – Олжас Ибраев.
Олжас Ибраев, режиссёр:
- Бұл түңіледі де, суицид жасаймын дейді де, өткен шаққа түсіп кетеді, 98-ші жылдарға. Бастапқыда сенбейді. Не болып жатыр, түсім бе деп. Бір-екі күн өткеннен кейін бұл өңі екеніне көзі жетеді. Содан бәрі өз қолымда деп өмірін өзгертуге тырысады.
Гүлзура Есен, кинопродюсер:
- Алғашқы мотивациялық кино. Ешқандай еш жерден ештеңе күтпей, тек қана әрекет жасау. Өз бақытың үшін әрекет жасау деген мағынаман түсірілген кино.
Фильмге Әсел Сағатова, Сырым Кашқабаев. Әзиз Бейшеналиев, Санди Сұлтан сияқты 10-нан аса актер түскен. Бас кейіпкердің жас кезін Аделина Ералиева ойнайды.
Аделина Ералиева, актриса:
- Әсел персонажы 40 жастан 17 жасқа оралады. Бұрынғысына өтеді. 17 жасын ойнап берем мен. Енді 40 жасында көп қателік жібереді. Қиналады. Өзінің мүмкіндіктерін дұрыс пайдаланбайды.
Картина достық пен махаббатқа адал, туған-туысқанға бауырмашыл болуға үндейді. Арманға жету үшін әрекет етіп, нақты қадам жасап, шешім қабылда, деп кеңес береді.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев.