«Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркеу жалғасып жатыр
Елде «Мың бала» ұлттық олимпиадасына тіркеу жалғасып жатыр.
Білім жарысы ауылды жерде оқитын алтыншы сынып оқушыларының арасында өтеді. Осы күнге дейін 35 мың үміткер сайысқа қатысуға ниет білдірген. Олардың дені Түркістан, Алматы, Жетісу, Қостанай облыстарынан. Олимпиада жеңімпаздары республикадағы үздік мектептерде оқу мүмкіндігіне ие болады. Ұлттық олимпиадада биыл қандай жаңашылдықтар бар?
Қазақстан ауылдарында 160 мыңға жуық алтыншы сынып оқушысы бар. Солардың басым бөлігі «Мың бала» ұлттық олимпиадасында бақ сынай алады. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, биылғы жарыс 100 мыңдай баланы қамтиды. 10 ақпанда басталған тіркеу 10 наурызға дейін жалғасады. Қатысу тегін.
Абылайхан Қайроллаев, "El Umiti" корпоративтік қоры "Мың бала" жобасының үйлестірушісі:
- «Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең сәуір айының 1 мен 10 аралығында өтеді. Ол онлайн форматтағы 40 сұрақтан тұратын тестілеу тапсырмасы бойынша. Екінші кезең 24-26 сәуір айында аймақтық тестілеу орталығыныда офлайн форматта өтеді.
«Мың бала» олимпиадасының мақсаты ауылды жерлердегі білімге құштар балаларға қолдау көрсету. Төрт жылда 4 мың оқушы сынақтан сүрінбей өтіп, сайыс жеңімпазы атанды. Олардың 1400-ге жуығы дарынды балаларға арналған мектептерге іріктеусіз қабылданды. Соның бірі Шахан Теміржан.
Шахан Теміржан, 7-сынып оқушысы:
- 2023 жылы көктем кезінде бізде бірінші тур болды «Мың баладан». Сол кезде математикадан есептер логикалық түрде болды. Содан кейін екінші турда 4 пән болды. Математика, қазақ тілі, жаратылыстану және ағылшын тілі болды.
Биылдан бастап олимпиаданың бірінші кезеңінде прокторинг жүйесі қолданылады. Яғни оқушылар веб-камера арқылы қосылып, тапсырмаларды орындайды. Қатысушылардың әр қадамы мұқият қадағаланады. Бұл сайыстың әділ өтуіне сеп болады, дейді ұйымдастырушылар.
Ғазиза Мұхамеджанова, Ақылбек Есімсейітов, Еламан Мұстафа