Бизнес отандық киноға қолдау көрсетеді
Қазақстандық бизнес отандық киноға қолдау көрсетеді.
Kinopark-Kinoplexx Theaters компаниялар тобы мен «Қазақфильм» киностудиясы ынтымақтастық және өзара серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Келісім аясында бірлескен киножобалар қолға алынады. «Қыз Жібектің» римейкін түсіру жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұрын «Қазақфильмде» түсірілген және прокатқа шықпаған фильмдер кинотеатрларда тұрақты түрде көрсетілмек.
«Орталық Азиядағы ең ірі кинотеатрлар желісі мен еліміздің бас киностудиясы арасындағы серіктестік жемісті болады», - дейді тараптар. Ең бастысы, әрине жаңа киножобаларды бірлесіп қолға алу. Ол үшін Kinopark-Kinoplexx Theatres базасындағы Tiger Films продюсерлік компаниясы енді «Қазақфильмнің» түсіру павильондарын, құрал-жабдықтары мен көркем материалдарын қолданады.
Алмаз Малдыбаев, Kinopark-Kinoplexx Theatres компаниялар тобының президенті:
- Алда бірнеше жоба бірге түсіруді шештік, оның ішінде тарихи жобалар да бар, мысалы, «Еңлік-Кебек» деген. «Қыз Жібек» деген қайтадан түсіру жобасы бар. Қазір «Сказ о розовом зайце» дейді, ол енді коммерциялық жоба, оны осы көктемде түсірілім бастап кетеміз. Жылдың аяғына көрсетілімге қойып отырмыз.
«Қазақфильм» киностудиясы түсірген, алайда сөреде қалып қойған фильмдер енді көрерменге қолжетімді болмақ. Kinopark-Kinoplexx компаниясы отандық картиналардың жарнамасын жасап, өз экрандарында көрсетеді.
Азамат Сатыбалды, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті:
- Бұл енді біздің болашақтағы жұмыстарымыздың ережесі деп білемін. Өйткені біз Қазақфильм өзіміздің туындыларымызды көбіне көрерменге жеткізбейміз. Өйткені ондай мүмкіндік жоқ. Ал Кинопаркте ондай мүмкіндік бар. Ол біз үшін үлкен мүмкіндік.
Қазақстандық кинематографияны дамытуды мақсат еткен ұзақ мерзімді серіктестік аясында халықаралық кинофестивальдер мен кино саласының мамандарының басын қосатын үлкен кинобал ұйымдастырылмақ.
Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев