Қостанайда аутизм орталығы ашылды
Қостанайда ерекше балаларға арналған орталық ашылды.
Әлеуметтік нысан бір мезетте 200 балаға тегін қызмет көрсетеді. Құрал-жабдықтың бәрі заманауи үлгіге сай. Нысанда дене шынықтырумен қоса, оқыту-әдістемелік және еңбек терапиясы арқылы жаттығулар жасайтын бөлмелер бар. Мекеме облыс әкімдігі, «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорларының қолдауымен пайдалануға берілді.
Оңалту орталығында жүрген бұл бүлдіршіндерге аутизм диагнозы қойылған. Бұған дейін олардың ата-аналары балаларын тек ақылы түрде емдеуге мәжбүр болған. Енді 200 балаға шақталған тегін денсаулық орталығы ашылды. Ата-аналар бұл жаңалықты көптен күткен.
Майра Бектасова, қала тұрғыны:
- Қажетті құралдармен жабдықталған. Орталықта көптеген білікті маман жұмыс істейді және балаларға жағдай жасалған. Орталық бізге ұнады.
Мекеме балаларды дәрісіз емдейді. Психолог, дефектолог пен логопед сияқты 100-ден астам білікті маман бар.
Жанат Құсайынова, оңалту орталығының директоры:
- АВА-терапевтер, сосын «гончарный мастеріміз» бар. Кәсіби тігінші істейді. Балаларға қандай қабілет ұнайды, сол ертең өсіп, біздің орталықтан шығып кеткенде мүмкін біреу тігінші болар, сәулетші болар, мұғалім болар.
Орталыққа «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы 150 миллионнан астам теңге жұмсалған.
Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры:
- Оңалту орталығы аутизм бағыты бойынша Қазақстанда 3 жылда, бүгінгіні қосқанда 37 орталық ашты. Осы жылдың соңына дейін ерте араласу орталығын Қостанай қаласында ашуды жоспарлап отырмыз. Ол жерде де бүкіл заманауи құрал-жабдықтар болады.
Қазір облыс бойынша 400-ге тарта бала аутизм диагнозымен тіркеуде тұр. Бұл орталық оларды жүйелі түрде емдеп, ой-өрісінің дамуына септігін тигізеді, – дейді мамандар.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров.