«ҚазМұнайГаз» Доссор кентіндегі мәселелерді шешуге қаржы бөледі
«ҚазМұнайГаз» Атырау облысының Доссор кентіндегі өзекті мәселелерді шешуге қаржы бөледі, деп хабарлайды 24KZ.
Ұлттық компания Мақат ауданының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сортаң жерлерді қалпына келтіріп, өлкетану мұражайы мен қос кітапханаға ғимарат салуды жоспарлап отыр. Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев мұнайлы өңірге жұмыс сапары барысында Доссор кентінің тыныс-тіршілігімен танысып, мұнайшылармен кездесті.
Доссор кенті Атырау мен Ақтау қаласын жалғап жатқан күрежолдың бойында орналасқан. Қазір мұнда шамамен 35 гектар жерді сор басып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы кент тұрғындарын шаң мен сордан қорғау мақсатында екі учаскені топырақпен жабуды жоспарлап отыр. Сортаң жердің мәселесі күрделі. Бұған қоса 100% кепілдік жоқ. Сол себепті әзірге сынақ ретінде жүзеге асады. Сонымен қатар сор басқан аумақтың бойын көгалдандыру жоспарланған.
Сәбит Арынов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры:
- «ҚазМұнайГаз» басқарма төрағасының іссапарында бірнеше сұрақ көтерілді. Сорға қатысты жоба – көптен көтеріліп отырған сұрақ. Екі жаққа 3 гектардай жерді игеріп, көміп, соны әрі қарай бақылауға қоямыз. Сордың бетін топырақпен жабады.
Мақат тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты қазір апатты жағдайда тұр. Оған қоса жәдігердің бәрін көрмеге қоюға таршылық етеді. Ал №3 кітапхана мен №4 балалар кітапханасы аядай жерде орналасқан. Қос кітапхананың қорында қазір 44 мыңнан аса кітап бар. Бірақ оның бәрін орналастыратын орын жоқ.
Айман Жылқышиева, Доссор кентіндегі №3 кітапхананың кітапханашысы:
- Біздегі кітап қоры байлаулы тұр. Стеллажға сыймайды. Құратын стеллаж да жоқ, жер де жоқ, өздеріңіз көріп тұрсыздар. Мына өтетін жерде үйіліп тұр. Оқырмандарға қолайсыз жағдай туғызады. Кітаптарды қарай алмайды олар.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы маңызды мәдени ошақтардың ғимараты да заманға сай болуы керегін айтты. Осыған орай компания кентте Мақат тарихи-өлкетану мұражайына, №3 кітапхана мен №4 балалар кітапханасына арнап жаңа ғимарат салып беруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов.