Шымкентте Құралай Анарбекованың жұлдызды бұрышы ашылды
Продюсер әрі актрисаның съемкалар кезіндегі фотосуреттері, өмірдің әр кезеңіндегі кадрлары және қолтаңбасы жаңадан ашылған Kinoplexx 9 кинотеатрының қабырғасын безендірді, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл «Брат или брак 3» комедиясының прокатқа шығуына орайластырылды.
Жарқыраған фотокамералар мен қызыл кілем. Мегаполистегі бұл кеште қазақстандық кино шығарушыларға қошемет көрсетілді. Қонақтар арасында көрерменнің ыстық ықыласына бөленген актер көп. Солардың бірі – Құралай Анарбекова.
Шымкентте танымал продюсер және актрисаның жұлдызды бұрышы пайда болды. Бұл голливудтық дәстүрдің жалғасы іспетті. Яғни, қазақстандық киножұлдыздарға деген құрметтің бір белгісі. Фотосуреттер мен өмірдің әр кезеңіндегі кадрларды талантты әйелдің шығармашылығынан хабардар кісілер жинаған. Енді осы жерде оның қолының таңбасы мәңгілік сақталады.
Әнуар Бекметов, Kinopark & Kinoplexx Theatres кинотеатрлар желісінің маркетинг директоры:
- Құралай Анарбекова – өте талантты актриса. Сонымен бірге продюсерлікті қатар алып жүр. Ондай адамдар сирек. Танымалдығы жағынан еліміздегі үздік әртістердің бірі деп білемін.
Құралай Анарбекова, продюсер, актриса:
- Күшті эмоциямен Астанаға барып, «предпоказ» жасадық. Ол жақта біз 150-200-дей адам жинадық. Өте күшті қабылдады адамдар, басынан аяғына дейін күліп. Өз пікірлерін қалдырды.
Жұлдызды бұрыштың ашылуы «Брат или брак 3» комедиясының үлкен экранға шығуына орайластырылды. Актерлар құрамы үшінші бөлімнің де көрермен көңілінен шығатынына сенімді.
Дәурен Серғазин, актёр:
- Бұрынғы екі бөліміне ұқсамайды. Бірақ бәрібір өзінің болмысынан ажыраған жоқ. Сол қым-қуыт оқиға. Арпалысқан шиленіскен қақтығыстар. Бірақ енді аяғы сол «хэппи-энд», жақсы аяқталады.
Жұлдызды қонақтар Shymkent City Mall сауда кешеніндегі Kinoplexx 9 көрермендерімен фан-кездесу ұйымдастырды.
Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Катерина Попкова.