Маңғыстау облысындағы ауыл мектептері спорттық жабдықтармен қамтылды
Маңғыстау облысындағы 6 ауылдық мектеп спорттық киімдер және құрал-жабдықтармен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл «100 ауыл» қайырымдылық акциясының қолдауымен мүмкін болды. Теңге, Қызылсай, Мерей, Кендірлі, Құланды және Ақсу елді мекендері тұрғындарына әлемге танымал спортшы Сергей Цырульников сыйлық жасады. Сонымен қатар Жаңаөзенде кәсіпкерлердің бастамасымен жеңіл атлетикалық жарыс ұйымдастырылды. 200-ге жуық қатысушы 10 шақырымды қашықтықта бас жүлдені сарапқа салды.
Жаңаөзен стадионында ине шаншар жер жоқ. Көпшілік бірнеше әлемдік рекордтың иесі, қазақстандық толағай Сергей Цырульниковтың өнерін көруге келді. Ол жылқының тағасын жалаң қолмен иіп, өзгелерге қайталап көруді ұсынды. Одан әрі желаяқтар жарысы өтті. Әуесқойлар арасындағы бәсекенің бас жүлдесін Амантай Қасым иемденді.
Амантай Қасымхан, жеңімпаз:
- Әскерде жүргеннен бері жеңіл атлетикамен айналысып, қазіргі уақытта осындай Жаңаөзен қаласы марафонында бірінші орынға, жетістікке жетіп отырмын. Өте қуаныштымын. Демеушілерге үлкен рақмет айтқым келеді. Алдағы уақытта да осындай жарысты көптеп ұйымдастырса екен деген тілектеміз.
Ауыл мектептерін аралаған Сергей Цырульников Қызылсай орта мектебіне спорттық жабдықтар сыйлады. Оқушылар бокс, жеңіл атлетика, волейболға қажетті саймандармен қамтылды. Жалпы қайырымдылық жоба аясында әр мектепке 1 миллион теңгеден асатын заттар берілді.
Сергей Цырульников, күш сынасу экстримінен бірнеше дүркін әлем рекордсмені:
- Өзім ауылда тудым. Спортпен кәсіби айналысуға ешқандай жағдай болмағаны әлі есімде. Біздің ауылда спорт құралынан тек футбол добы ғана болды. Сондықтан осы жобаны ұйымдастыруды қолға алдық. Мақсатымыз – қала, шалғай елді мекен балаларының спортпен шұғылдануына жағдай жасау.
«100 ауыл» акциясын өткізуге Сергей Цырульников бастамашы болған. 2021 жылдан бері өткізіліп келе жатқан шара аясында 120-дан астам ауыл мектебінің спорттық материалдық базасы нығайды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.