Halyk Bank «қарызсыз қоғам» құруға көмектеседі
Қаңтардан бері елде 15 мың отандасымыз қаржылық сауатын арттырып, оқыту курсынан өтті.
Жыл соңына дейін тағы 200 мың адам қаражатқа жауапкершілікпен қарап, табысты арттырудың әдіс-тәсілін үйренеді. Бұл AMANAT партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында жүзеге асады. Ал игі жобаның қатысушыларын қолдауда Halyk Bank көш бастап тұр.
Түркістан облысынан келген көпбалалы ана Айнұр Есенова алғашында «Қарызсыз қоғам» жобасына сенімсіздікпен қараған. Алайда оқыту курсы аяқталғаннан кейін ол отбасылық бюджетті дұрыс басқаруды үйренді. Табысты арттырудың жолын тапты. Қазір сүттен түрлі тағам жасап, оны сатады. Ауылдастарын экологиялық таза әрі дәмді құрт-маймен қамтып отыр.
Айнұр Есенова, кәсіпкер, «Қарызсыз қоғам» жобасына қатысушы:
- Бұл «Қарызсыз қоғам» жобасы мен үшін өте үлкен көмек болды. Мен сияқты үйде отырған аналарға қаржылық сауаттылық қажет. Қаржыны басқару білімге алып келді. Соның арқасында көптеген несиелерімді жаптым және де өз кәсібімді ашуға мүмкіндік берді.
AMANAT-тың «Қарызсыз қоғам» жобасын алғаш қолдағандардың бірі – Halyk Bank. Қаржы ұйымы қарызға батқан талай жанға қолдау көрсетті. Осы уақытқа дейін игі бастаманы жүзеге асыруға көп қаражат бөлінді. Банк биыл 8%-тік үстемемен 1 млрд теңге жеңілдетілген несие беруді көздеп отыр.
Үміт Шаяхметова, Halyk Bank басқарма төрағасы:
- Бүгінде отбасында ақшаға көбінде әйелдер жауапты. Баланы мектепке дайындауда немесе емге қаражат керек кезде несиені де әйелдер алады. Қарап отырсақ, біздің банкте кәсіпкер әйелдердің қарызы ерлерге қарағанда 1,5 есе төмен. Ал қара тізімдегі әйелдердің саны 1,2 есе аз. Сондықтан да «Қарызсыз қоғам» жобасының қатысушылары тек әйелдер екеніне таңғалмаймын.
Айта кетейік, соңғы 3 жылда банк пен «Халық» қоры қайырымдылық іс-шараларына 50 млрд теңге бөлді. Ал былтыр «100 игі іс» жобасы аясында қаржылық сауаттылықты арттыру тетіктеріне 6,5 млрд теңге жұмсады.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Нұрғали Мамырбаев.