Тыңайтқыш өндірісі өркендеп келеді

Отандық пестицид өндірушілер сырттан келетін тауарларға талапты күшейтіп, ал экспорттық шектеулерді алып тастауды сұрайды.

Өндірушілер әсіресе салықтық жеңілдіктерді қайта қарау керек деген пікірде. Астанада өтіп жатқан халықаралық ауылшаруашылығы көрмесінде кәсіпкерлер қазақстанда жасалатын химиялық өнімдерді таныстырып, өндірістегі өзекті мәселелермен бөлісті.

Арамшөп, түрлі зиянкестері, өсімдік аурулары мен паразиттермен күресте қолданылатын химиялық заттар Степногорск қаласындағы «Астана-Нан» зауытында жасалады. Кәсіпорын 50-ден астам өнім түрін қолға алған. Жылына 53 млн литр тыңайтқыш шығаруға қауқары жетеді. Бірақ компания бұл мүмкіндігін толық пайдалана алмай жатыр. Өйткені, өнімдерін экспорттауға заң жүзінде тыйым салынған.

Ырысбек Исаев, "Астана-Нан" ЖШС Бас директоры:

- Былтыр ақпан айында Президент біздің зауытқа келіп, отандық өндірісті қолдау керектігін айтты. Осы орайда біз шетелдік бәсекелестерімізге жасалған жеңілдіктер алынады деген ойдамыз. Атап айтқанда, салық кодексінің 427, 428-баптарында көрсетілген жеңілдіктер жойылады, ал пестицидтерді экспорттауға қойылған шектеулер алынады деген үміттеміз.

Ғалымдар химиялық заттардың құрамын мұқият зерттейді. Сапалы өнім алу үшін шикізаттарды Ресей, Бельгия, Үндістан мен Қытайдан әкеледі. 150 түрлі препарат зауытқа темір жолмен жеткізіледі.

Тілекқали Тұрғанбаев, "Астана-Нан" ЖШС Тіркеу сертификаттау бөлімінің басшысы:

- Әрбір химиялық препараттың оның регламентін сақтау керек. Нормасынан асырмау керек. Қазіргі химиялық препараттардың бәрі де тез ыдырап кетеді. Бір вегитациялық кезең ішінде ыдырап кетеді.

Бүгінде компания 300-дей адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал шығарылған өнімдер қазақстандық шаруалардың мол өнім алуына септігін тигізіп келеді. Ендігі мәселе, шетелдік нарыққа шығу дейді зауыт өкілдері.

Ғазиза Мұхамеджанова, Қанат Махмутов