Астанада киіз үй тігуден шеберлік сабағы өтті
Мәдениет және ұлттық дәстүр күніне орайластырылған шараға елордадағы Байқоңыр ауданы әкімдігі ұйытқы болды.
Ұлттық дәстүрді ұлықтау мақсатында алғаш рет ұйымдастырылған шеберлік сабағы туралы толығырақ тілші материалында.
«Асыл мұра – киіз үй». Астанада осындау атаумен қазақ халқының қазынасы – қара шаңырақты тігу, жасау-жабдығын орнымен қолдана білу бойынша шеберлік сабағы өтті. Іс-шара барысында этнограф Ақеділ Тойшанұлы оқушыларға киіз үйді тігудің дұрыс техникасы мен ерекшеліктерін айтты.
Ақеділ Тойшанұлы, этнограф:
- Салт-дәстүр күніне орай оқушы, жасөспірім балалармен кездесіп, осы орданы, киіз үйді құрдық. Сегіз қанат, тоқсан басты үлкен киіз үй. Уық қалай шаншылады, кереге қалай керіледі, есікті қалай таңып байлаймыз, осыны біздің балалар кітаптан көріп жүргені болмаса, суретте көріп жүргені болмаса, өмірде көрмеген. Соны алғаш рет шеберлік сыныбын өткізді.
Шеберлік сабағының басты мақсаты – ұлттық дәстүрді дәріптеу. Жастар арасында насихаттау. Белгілі әнші Досымжан Таңатаровтың айтуынша, мұндай шеберлік сабақтарын өткізу республика көлемінде жалғасуы қажет.
Досымжан Таңатаров, әнші:
- Бұл қазақ үйді құру – үлкен бір өнеге, өнер және үлкен жиын, үлкен той. Киіз үйдің, қазақ үйінің құрылуы бұл енді қаладағы балалар үшін таптырмас дүние ғой. Барлығы келу керек, көру керек. Сол енді біраздан бері күтіп жүрген, біраздан бері айтылып жүрген бұл дүниені Наурызда, бір 2 күннің шарасында өткізген жеткіліксіздеу. Мемлекеттік деңгейде бір күнді алу керек те, бүкіл ауданда осы қазақ үйі құрылып жатуы керек.
Киіз үйді тігудің техникасымен танысқан оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Шара соңында оқушылар өнерін ортаға салып, жиналған жұртқа мерекелік көңіл күй сыйлады.