Елордада Ұлттық спорт күніне арналған шара өтеді
Астанада 20 наурыз күні «Арғымақ» ат-спорты кешенінде Ұлттық спорт күніне арналған мерекелік шара өтеді, деп хабарлайды 24KZ.
Онда ұлттық ойындардың көрсетілімі мен шеберлік сағатын ұйымдастыру жоспарланған. Қала тұрғындары барлық шараға тегін қатыса алады. Ұйымдастырушылар бүгін арнайы жиын өткізіп, алдағы жоспарды бір пысықтап алды.
Елордада ұлттық спорт дәріптеледі. 20 наурызда тұрғындар көкпар, аударыспақ, теңге ілу және қыз қууды тамашалай алады. Ал тоғызқұмалақ пен асық атудан шеберлік сағатына тегін қатысады. Сондай-ақ кешенде қолөнершілер жәрмеңкесі болады.
Бахтияр Масанов, қала әкімдігі «Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы» КММ басшысы:
- Үлкен жиын өтті. Ол жерде көп нәрсе талқыланды. Өзіміздің ұлттық ойындарды, көкпарды, теңге ілу, қыз қууды көрсету осы «Арғымақ» спорт кешенінде өтеді. Астана қаласы тұрғындарын, қонақтарын осы кешке шақырамыз.
Шара таңғы сағат 10-нан түскі 15:00-ге дейін болады. Оған Америка Құрама Штаттарынан келген делегация арнайы қатысады. Шарада отандық және шетел спортшылары өзара тәжірибе алмасады деп жоспарланған.
Азамат Ағзамов, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының бөлім басшысы:
- Шараға америкалық ковбойлар қатысады. Мойны жуан бұқаны бағындырғандар біздің атбегілермен өзара тәжірибе алмасады. Шетелдіктерге қазақтың «көкпары» таныстырылады.
Қала әкімдігі ұйымдастырған шара бір күнмен шектелмейді. 21 мен 23 наурыз аралығында қаланың 5 нүктесінде спорттық сайыстар өткізу көзделген. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталады.
Авторы: Альмира Оразбай.