Елордалықтар Ұлыстың ұлы күнін тойлап жатыр
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамын елордалықтар бар сән-салтанатымен тойлап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бүгін «Бәйтерек» аула клубы Байқоңыр ауданының тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлап, ән мен жырдан шашу шашты. Тұрғын үйдің ауласына алтыбақан орнатылып, ақшаңқай киіз үй тігілді. Жиналған жұртқа концерттік бағдарлама ұсынылды.
Мың бұралған бишілер мен күміс көмей әншілер. Жыл басы әз-Наурыз мерекесін елорда аулалары да бар сән-салтанатымен тойлап жатыр. Бүгін «Бәйтерек» аула клубы Байқоңыр ауданының тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлады. Ән де, жыр да осында.
Бақыт Айдарбекова, «Бәйтерек» аула клубының меңгерушісі:
- Бүгін осы мерекеде бірнеше аула клубтары қатысып жатыр. Сосын әдейілеп тұрып, арнап тұрып, ардагерлерді, зейнеткерлерді шақырып, құрметтеп, наурыз көжеден дәм татқыздық. Наурызымыз құтты болсын! Еліміз тыныш болсын. Балаларымыз өсе берсін, өне берсін. Осы өмірде бақытты болсын, аспанымыз ашық болсын, еліміз тыныш болсын.
Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін аулада алтыбақан орнатылып, ақшаңқай киіз үй де тігілген. Келген қонақтарға наурыз көже мен тәтті бауырсақтан дәм бұйырды. Айта кету керек, жыл барысындағы түрлі айтуылы мерекелер елорданың әр ауласында тойланады..
Олжас Хамитов, «Астана жастары» ресурстық орталығының аула клубтарын дамыту бөлімінің басшысы:
- «Бәйтерек» аула клубында Наурызды атап өтсек, балалар күні басқа ауданда, яғни басқа клубта өтеді. Осылай бір жыл көлемінде әр кварталда, әр ауданда әртүрлі іс-шаралар өткізілетін болады.
Бүгінде еліміздің бас қаласында осындай 20 аула клубы бар. Оған 3,5 мың адам мүше. Клуб қатысушыларына арналған домбыра, шахмат, тоғыз құмалақ, сурет салу, бокс, күрес және дзюдо сынды үйірмелер бар.
Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов.