Астанадағы ипподромда спорттық шара ұйымдастырылды
20 наурыз – Ұлттық спорт күні.
Айтулы дата биыл алғаш рет аталып өтті. Осыған байланысты Астанадағы «Арғымақ» ипподромында ауқымды спорттық шара ұйымдастырылды. Оның аясында аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу және аударыспақ сияқты ұлттық ойындардан көрсетілімдік бәсекелер болды. Ал көкпардан Қазақстан мен АҚШ құрамалары өзара мықтыны анықтады.
Ковбойлар мен көкпаршылар арасындағы тартыс. Ұлттық спорт күні аясында қос елдің құрамалары елорда төрінде жолдастық кездесу өткізді. Шағын форматтағы бәсеке көрерменрге ерекше әсер сыйлады.
Кейси Филд, ковбой:
- Мен 16 жылдан бері ковбоймын. Ал былтыр көкпарға бірінші рет қатысып көрдім. Маған қатты ұнады, сондықтан қазір бұл спорт түрімен жүйелі түрде машықтанып жүрмін.
Артынша жарыс алаңына қыз қуу, теңге ілу және аударыспақ шеберлері шығып, қала тұрғындары мен қонақтарына арнайы көрсетілімдер ұсынды. Ал тоғызқұмалақ пен асық ату мамандары шеберлік сағаттарын жасады. Жалпы елімізде ұлттық спорт түрлерімен айналысатындар көбейіп келеді. Енді осы бағыттағы жұмыстарды ары қарай жалғастырып, төл ойындарымызды кеңінен насихаттау мақсатында алдағы күзде елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойыны өтеді.
Исламбек Салжанов, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті:
- Соңғы жылдарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен ұлттық спорт қарқынды дамып келе жатыр. Биыл қыркүйекте астанамызда үлкен халықаралық іс-шара өтейін деп жоспарланып жатыр. V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны. Соған бізге 100-ден астам мемлекеттен 5000-нан астам спортшы, 15-20 мыңнан астам шетелдік туристер келеді деп жоспарланып отыр.
Мерекелік іс-шара аясында ұлттық спорттарымыздың дамуына үлес қосып, кеңінен дәріптеп жүрген мамандар марапатталды.
Авторлары: Аслан Қаженов, Ғалымжан Әбділахат.