Қармақшы ауданында «Әз-Наурыз – игіліктер бастауы» шарасы өтті
Қызылорда облысындағы Қармақшы ауданы жыл басы – Наурыз мейрамына толайым табыстармен жетіп отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Ауданда көптен күткен құс фабрикасы іске қосылды. Сондай-ақ облыс бойынша салынатын 21 жайлы мектептің екеуі осы Қармақшыда бой көтереді. Күллі түркі жұртының абызы Қорқыт баба жатқан мекенде өткен «Әз-Наурыз – игіліктер бастауы» шарасында жетістіктер мен жаңа бастамалар паш етілді.
Жосалы кентінің орталық алаңында жергілікті зергерлердің қолөнер бұйымдарымен қатар Қармақшыда өндірілетін өнімдер көрмесі өтті. Сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлердің тәлім-тағылымы дәріптелген қойылымдар көрсетілді. Қармақшы жұртын Наурыз мерекесімен құттықтай келген облыс әкімі ауданда атқарылып жатқан жобаларға тоқталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Ақай, Дүр Оңғар, 3-интернационал ауылдарында жалпы құны 1,3 млрд теңгелік дене шынықтыру кешендерінің құрылысы жүргізіліп жатыр. Қармақшы және Қуаңдария ауылдарында жаңа 2 фельдшерлік-акушерлік бекеттің құрылысы жүргізіліп, жыл соңында ел игілігіне табысталады. Төретам кенті, Ақай ауылы жақын күндері көгілдір отынға қосылады. Барлық атқарылып жатқан толымды істер аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға оң әсерін тигізеді деп сенемін.
Мерекелік шарада ауданның дамуына үлес қосқан белсенді азаматтар облыс әкімінің алғысхатымен марапатталып, жыл үздіктері құрмет төрінен көрінді.
Мерекелік шара жыршы-жыраулар мен жергілікті өнерпаздардың концертіне ұласты.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.