Жалпыұлттық «Тазару» акциясы өтті
«Тазару» акциясы аясында бүгін Астанада 60 мың тоннаға жуық қоқыс жиналды, деп хабарлайды 24KZ.
Наурызнаманың онкүндігін түйіндейтін «Тазару» күніне 35 мыңнан астам адам атсалысты. Олардың қатарына волонтерлер, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері бар.
Наурызнаманың 10 күндігі бүгін жаппай тазалық акциясымен түйінделді. Жалпыұлттық тазару күнінде астаналықтар таңмен таласа киіз үйлерді жинап, көше, аула мен саябақтарды қоқыстан тазалауға кіріскен. Акция шаһардың 50 млн шаршы метрін қамтыды. Бір ғана Нұра ауданынан 3 мыңнан астам тұрғын тартылды.
Алия Әбсеметова «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары:
- Негізі 21-22 наурызда орталық саябақта 35 мыңнан астам адам қонақ болып келген болатын және де сонда қалай жинаймыз деп санитарлық мәселе туындады. Осы тазару күні өте жақсы болды. Бүгін кәсіпкерлеріміз, қоғам қайтаркерлеріміз және барлық адамдар өздері аулаларын жинап, шығатындары шығып жатыр.
Үкіметтік емес сектор да қалыс қалмады. Бүгінгі «Тазару» акциясына 40 мыңнан аса белсенді қосылды. «Белсенді азамат» қоғамдық қоры төрағасы: «қала тұрғындарын тазалыққа, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелеу аса маңызды», – дейді.
Гамал Түзелбаев, «Белсенді азамат» ҚҚ төрағасы:
- Біздің үкіметтік емес сектордың өкілдері белсенді. Сондықтан мұндай шараларға жиі қатысып тұрады. Бүгін бірқатары орталық парктің тазаруына келіп атсалысып жатыр. Жерлестерімізді, астаналықтарды өздерінің тұрып жатқан жерлерін тазалап, осы акцияға қатысуға, атсалысуға шақырамыз.
Айта кетейік, қоқысты тазалап, қар шығаруға қажетті құрал-сайманды аудан әкімдігі сайлап берді.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Мерей Талап.