Қарағандылықтар Наурызға арналған қойылымды тамашалады
Қарағанды облысының тұрғындары биылғы Наурыз мейрамын ерекше сән-салтанатымен тойлап жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Қаланың әр жерінде тігілген ақшаңқан киіз үйлердің маңайы ән-жырға бөленген. Ұлық мерекеде жаппай серуендеуге шыққан қарағандылықтар спорттық сайыстардың да көркін қыздырып жүр. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында әзірленген ойын-сауық бағдарламаларында ұлттық салт-дәстүр көрініс тапқан.
Басты шаралар Қарағандының орталық саябағында өтіп жатыр. Бұл күндері паркте ине шаншар орын жоқ. Кеншілер қаласының тұрғындары мен қонақтары театрландырылған көрініс тамашалап, халық әндерін қосыла шырқады. Қазақтың құмай тазысы мен қыран бүркітпен суретке түсушілер де көп. Әсіресе қарағандылықтардың басым бөлігі ұлттық киіммен жүргені көңіл қуантады.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев әдеттегідей сахнадан құттықтамай, тұрғындармен емен-жарқын жүздесті. Этноауылдың есігі барлығына айқара ашық болды. Қарағандының барлық өнер ұжымдары атсалысқан «Құстың қанатындағы Наурыз» атты театрландырылған қойылым шараның тұздығына айналды.
Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:
- Құрметті жерлестер, құрметті қарағандылықтар. Барлықтарыңызды келген Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын. Барлықтарыңызға жақсылық, амандық тілеймін. Ақ мол болсын. Тек жақсылықта кездесе берейік.
Жаңару мен жасару мерекесін айрықша ұлықтау жөнінде Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда көтерген бастамасын қарағандылықтар толық қуаттайды. Кеншілер шаһарының тұрғындары бүгінгі күнді экоакцияға арнап, қаланы қоқыстан тазартуға атсалысып жатыр. Осылайша, Наурызнама онкүндігі рухани құндылықтарды жаңғыртуға ерекше үлес қосты.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Марина Золотарёва, Зарина Зулпыхар.