«Арғымақ» сауықтыру кешенінің жұмысы цифрлы жүйеге көшірілді
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына көрсетілетін қызметтерді цифрландыруға білек сыбана кірісті.
Тіпті жергілікті атшабардың өзіне онлайн платформа қосып берді. Бүгін оның ресми таныстырылымы өтті. Бастама көпшіліктің уақытын үнемдеуге және түрлі келеңсіздіктердің алдын алуға көмектеседі. Тіпті жемқорлық фактілерін де болдырмайды дейді мамандар.
«Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені былтыр қолданысқа берілді. Елорда іргесіндегі атшабарға жету кәдімгідей уақытты алады. Басқа жағынан көрсетілетін қызметтердің ара жігін ажыратып, оларға қажетті құжаттарды жинау да біраз аралықты қажет етеді. Міне осы жұмыстарды жүйелеу үшін онлайн платформа іске қосылды.
Азамат Ағзамов, Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы орынбасарының м. а.:
- Ол қала тұрғындары үшін оңай жазылу, қолжетімділік, қаланың алыс шетінде болғасын осы жерге келмей, үйден, компьютер арқылы тіркеліп, өз уақытында келіп, қандай қызмет алғысы келеді, соны пайдалану. Бүгін презентация. Жай көрсетілім. Жүйе 1 сәуірден бастап жұмыс істейді.
Бұнда иппотерапия, олимпиадалық ат спортына, ұлттық ат спортына баулу бойынша секциялар бар. Бұған қоса жеке не топтық атқа міну және ат орынды жалға беру сияқты қызметтер де көрсептіледі. Толық ақпаратты және кері байланысты онлайн платформаға тіркелу арқылы алуға болады.
Аманжол Хасенов, "Арғымақ" ат-спорттық сауықтыру кешенінің басшысы:
- Бұл жүйе қажетті ақпаратты ұялы телефонға не электрондық поштаға қысқа хабар ретінде өздігінен жібереді. Бастаманы қала әкімдігі және оған қарасты цифрландыру басқармасымен бірге жүзеге асырдық.
Жаңа платформа жемқорлыққа жағдайларының алдын алуға да көмектеседі дейді мамандар. Өйткені бұнда қызмет көрсету процессі ақпараттар ашық болады.
Аслан Қаженов, Серік Қоңырбаев