Елордада вейп пен насыбай саудасына қарсы күрес жалғасып жатыр
Тәртіп сақшылары мен жергілікті әкімдік өкілдері сауда орындарында күнделікті рейд ұйымдастырып, тыйым салынған өнімдерді сатып жүргендерді жауапқа тартып жатыр.
Мәселен, Сарыарқа ауданында наурыздың 18-нен бастап 30-ға жуық дүкен иесіне айыппұл салынды.
Есіл, Алматы, Байқоңыр, Нұра және Сарыарқа аудандары. Тәртіп сақшылары мен жергілікті әкімдік өкілдері наурыздың 18-нен насыбай және вейптің заңсыз саудасына қарсы жедел профилактикалық шараларды бастаған болатын. Осы күнге дейін елордадағы вокзал аумағындағы сауда орындарынан насыбайды заңсыз сатудың 30 дерегі анықталған екен.
Асан Сәулебаев, учаскелік полиция инспекторы:
- Бұл деректер бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 196-шы бабы бойынша тиісті хаттамалар толтырылып, кәсіпкерлерге айыппұл салынды. 30-дан астам адам жауапкершілікке тартылды. Қазір алдын алу шараларының арқасында тыйым салынған өнімді сату деректері азайды. Насыбайды негізінен жастар көптеп алады.
Осы рейдтік шаралар барысында полицейлер жастармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Насыбай мен вейптің зияны жайлы айтып, бірге күресуге де шақырады.
Жалпы тексеріс барысында көбіне кәсіпкерлерді де осы жастар алдын ала ескертіп үлгереді, – дейді мамандар.
Ерасыл Қайратов, Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бас маманы:
- Тексеру барысында қиыншылықтардың көбі – осы бизнесмендердің заңбұзушылық фактілерін жоққа шығаруы. Негізінен барлық азаматтар егер де сатқан жағдайда, бұзушылық фактілер анықталған болса, заңнамға сай түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы осы күнге дейін күшейтілген тексерістердің нәтижесінде елордада 4 тоннаға жуық насыбай тәркіленіп, құны 20 млн теңгеден асатын өнім жойылды.
Авторлары: Риат Шони, Ақылбек Есімсейітов.