Бөкей ордасын зерттеу институтын Оралда құру ұсынылды
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше өткен ІІІ Құрылтайда Қазақстан тарихын объективті зерттеуге шақырды.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасы аясында Бөкей ордасын ғылыми-зерттеу институтын Оралда құру ұсынылды. Идея авторы саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров. Ол әлемдік деңгейдегі жаңа артефактілерді, 16-19 ғасырлардағы қазақ мемлекеттілігінің бірегей карталарын көрсетті.
Оралда ұйымдастырылған көрмеге келушілер қазақ тарихына терең бойлады. 16-19 ғасырлардағы Батыс саяхатшылары картаға түсірген еңбектерден Қазақ хандығының ауқымы мен маңызды рөлін бағамдауға болады. Профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров көпшілікке қазақ мемлекеттілігінің бірегей карталарын ұсынып отыр.
Мұрат Қалменов, археолог:
- 18-ғасырдың екінші жартысындағы мәліметтерде бізде қарақырғыз дейді, қайсақтар дейді, солай аталған. Ал бұл жерде, барлық жерде қазақ деп немесе казахия деп жазылған.
130 картада Қазақ хандығы дамуының негізгі кезеңдері көрсетілген. Көшпелі өмірден отырықшы тұрмыс салтына көшу, ғылымның, мәдениеттің және ежелгі сәулет өнерінің дамуы да көрініс тапқан.
Айболат Құрымбаев, тарихшы:
- Картаға түсіргеннің өзі оның мемлекет ретінде мойындағанын дәлелдейді деген оймен сол жерде бөлісті. Сонымен қатар ол кісі сол карталардан Атлас шығаруды ұсынды.
Ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров Бөкей ордасының қалыптасу кезеңдерін зерттеу қажет дейді. Ол 17 жыл ішінде әлемдегі құнды құжаттар сақталған мұрағаттарда болып, мәліметтер жинады. Бұл деректерде Бөкей ордасының рөлі ерекше сипатталады.
Мұхит-Ардагер Сыдықназаров, профессор:
- Мынау барлық карталарда Жайық өңірі біздің Қазақ мемлекетінің қара шаңырағы ретінде көрсетілген. Бөкей орданы зерттейтін кәдімгі ғылыми-зерттеу орталығы ашылуы тиіс. Өйткені Бөкей орда - бұл геосаяси феномен.
Отандық ғалымдардың зерттеулерін Президент қолдады. Мемлекет басшысы осындай көрмелерді шетелде ұйымдастыру қажеттігін атап өткен. Бұл арқылы әлем жұртшылығы қазақ тарихы мен мәдениетін терең тани алады.
Достық Талғатұлы, Болат Жарылғасов