Көкшетау халқына волонтерлер көмектесіп жатыр
Көкшетаудағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға волонтерлер көмектесіп жатыр.
Олар халықты қауіпсіз жерге көшіріп, су астында қалған мүліктерін сыртқа шығаруға атсалысты. Сонымен қатар тасқын салдарын жоюмен айналысып жүрген құтқарушыларға ыстық тамақ әзірлеп, жылыту орындарын ұйымдастырды.
Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осы сөзді ұран еткен көкшетаулық еріктілер күн-түн демей тұрғындар мен құтқарушыларға қол ұшын созды. Игілікті іске 200-тарта волонтер қатысты.
Дидар Хамзин, волонтёр:
- Өз еркімен де келіп жатқан жастар өте көп. Бізге күнде хабарласып, көмектескіміз келеді, волонтёр болғымыз келеді дейтін жандар біздін қатарымызға қосылуда. Әрине, бұл адамдар алдымен арнайы нұсқаулықтардан өтіп, содан кейін ғана жұмыс атқара алады.
Ұлан Бейсенбав, өрт сөндіру бөлімінің бастығы:
- Волонтерлер өз ұйымдары бойынша бөлінген. Біреулер обед жасаса, біреулер ужин дайындайды. Тағы да біздін көптеген қызметкерлер ораза ұстайды. Соларды да назардан тыс қалдырмады. Түн жарымда соларға сәресінде беріп, ыстық тамақ жасап жатыр.
Осылайша құтқарушылар да еріктілерге өз алғысын жеткізді. Жалпы соңғы екі тәулікте тасқыннан 200-ден астам құтқарылды. Үй-күйсіз қалған тұрғындар эвакуациялық пунктерге орналастырылды. Еріктілер ол жерге киім-кешектер мен азық түлік жеткізді.
Әлия Әшімова, әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры:
- Бүгінгі күнге дейін біз 51 адам қабылдап алдық. Оның 12-сі бала. Мектеп жасындағы балалар. 4 студент. Одан кейін 15 отбасы келді. Барлығы 44 адам. Қарт адамдар да бар. Оларға барлық әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр.
Қазір құтқарушылар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Кеше түнде аймақта қар аралас жаңбыр жауып, дауылды ескерту жарияланды. Бірақ төтенше жағдай қызметінің жұмысы тоқтаған жоқ. Оларға Жамбыл облысынан қосымша күш пен техника тартылды.
Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко