Қояндыға қызылсудан қауіп жоқ
Қояндыға қызылсудан келетін қауіп жоқ. Қазір жағдай бақылауда.
Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жиналған қар суын арықтар арқылы ауыл сыртына шығарумен айналысып жатыр. Бұл туралы елді мекеннің әкімі айтты.
Қоянды ауылында 40 мыңнан астам адам тұрады. Олар көктем келісімен көл маңына жиналған қар суынан қауіптенеді. Биыл да күн жылына жұрттың мазасы қашты. Алайда қазір ауылдағы ағайынға алаңдайтын негіз жоқ. Төтенше жағдайлар департаменттерінің өкілдері қауіптің алдын алу шараларын жүргізіп жатыр. 50 маман мен 7 техника тартылған. Су сорғыш құрылғылар да бар.
Сұлтанбай Бақытхан, Қоянды ауылының әкімі:
- Қазіргі күнде Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті қызметкерлерінің көмегімен су тасқыны шаралары жасалып, қазіргі жағдайда арықтарға суларды бұру, суларды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір Қоянды ауылында су тасқынына қатысты жағдай бірқалыпты.
Ауыл ішінен ұзындығы 11 шақырым болатын арық қазылған. Осы арқылы көшелерге жиналған су елді мекеннің сыртына шығарылады.
Әскер Пириев, Ұлттық құрылтай мүшесі:
- Бүгін мына біз Ұлттық құрылтайдың мүшесі ретінде ауылдың жағдайын көрейік деген жағдайымыз. Ауылды аралап, ауыл ақсақалдарымен сөйлестік, мектепке барып. Сол жақтағы жалпы жағдайды қарадық. Қазіргі таңда ең басты айтатын нәрсе, мына қауіптің бетінің қайтқанын көріп отырмыз.
Көктемгі тасқынға дайындық жұмыстарын жергілікті әкімдік қыста-ақ бастаған көрінеді. Мәселен, осы кезге дейін ауыл көшелерінен 38 мың текше метр қар шығарылған. Оған алғашында 25 млн, кейін қосымша 30 млн теңге қаржы бөлінген.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Диханбаев, Жанаман Ерғалиев.