Қызылорда облысында инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асып жатыр
Қызылорда облысында биыл 266 шақырым жол жөнделеді. Бірнеше көпір мен өткел жаңғыртылады. Жаңа сапаржайдың да құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Мұнан бөлек, жаңа әуежай терминалының құрылысы аяқталуға жақын.
Қызылорда қаласындағы Қожа Ахмет Яссауи және Жаппасбай батыр атындағы көше екі жолақтан 4 жолаққа кеңейеді. Бұл даңғылдар – қаладағы көлік ағамы көп жолдардың бірі. Жалпы биыл өңірдегі жол сапасы 92%-ке дейін жақсарады, – дейді мамандар.
Данияр Жаналинов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- 30 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылды. 266 шақырымнан астам жолдарды, көшелерді, көпір, өткелдерді жөндеуге межелеп отырмыз.
Өңірдің жолаушы және жүк тасымалы саласын жандандыру мақсатында тағы да бірнеше жоба іске асып жатыр. Қызылорда қаласындағы темір жол вокзалы өткен жылы күрделі жөндеуден өтті. Сонымен қатар қаланың сол жағалауынан жаңа сапаржай салынып жатыр. Ал заманауи үлгідегі жаңа әуежай терминалы бірер айда қолданысқа беріледі.
Жәнібек Сыздықов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Жолаушылар тасымалын қазір 300 мыңнан 500 мыңға өсіреміз деп жоспарлап отырмыз. Жүк тасымалы бойынша 130 тоннадан 240 тоннаға жоғарылайды деп күтіліп отыр.
Қызылорда қаласында салынып жатқан жылу электр орталығының құрылысы кестеге сай жүріп жатыр. Бұл жоба түркиялық инвестордың қаржысы есебінен жүзеге асады.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- Қазіргі таңда құрылыс алаңында 300-ге жуық қызметкер жұмыс жасап жатыр. Құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Кестеге сәйкес 2025 жылдың тамыз айында іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз.
Келесі жылу маусымына дейін облыс орталығында бірнеше бу қазандығы күрделі жөндеуден өтіп, 9,5 шақырым жылу жүйесі жаңаланады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев.