Су тасқыны: Астана жастары игі іске атсалысты
Топан судан зардап шеккен Қостанай өңіріне бүгін тағы 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберілді, деп хабарлайды 24KZ.
Игі іске «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен қалалық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мұрындық болды.
Волонтерлер үшін қазір қарбалас шақ. Мына қап-қап жүкті жеке-жеке сұрыптап, тасқыннан зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелту керек. Оны «Астана жастары» ресурстық орталығының еріктілері атқарады. 500-ден аса қыз-жігіт қаланың 9 аймағында жылу жинау жұмыстарына жұмылдырылды.
Айзат Әли, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының маманы:
- Қостанай облысына жібердік, Қарағанды облысына кеше 2 газель жібердік. Тағы да Ақтөбе облысына жібердік. Бүгін тағы екі газель дайындалып жатыр. Көбінесе киілген киімдерді әкеліп жатыр. Біз ондай киімдерді сұрыптап жатырмыз, бірақ сонда да көп әкелмесе. Негізі керек заттар – ол азық-түлік және гигиеналық заттар.
«Көп түкірсе – көл» деген. Еріктілер осы кезге дейін 600 тоннадан аса гуманитарлық көмек жинаған. Бүгін де азық-түлік, төсек-орын тиелген кезекті жүк көліктері Қостанай өңіріне аттанады.
Асанғазы Серғазыұлы, Астана Қ. Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
- Бәріміз бірге жиналып, Астана жастарымен біріге отырып, су тасқынынан задап шегіп отырған өзіміздің бауырластарымызға мүмкіндігімізше тамақтарды жинап, өткізіп жіберіп жатырмыз. Бұл «Біз біргеміз» деген сияқты қазақ халқының бір-біріне жанының ашуы және әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін айтқымыз келеді.
Игі істен мешіттер мен жеке кәсіпкерлер де шет қалмаған. Олар да жастардың игі бастамасын қолдап, ел-жұртқа көмек қолын созып жатыр.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Марат Диханбаев.