Шымкентте тазалық акциясына 3 мың адам қатысты
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына Шымкент қаласының тұрғындары белсене қатысып жатыр.
Таң атқаннан қаланың барлық аумағында тазалық жұмыстары қарқын алып, көгалдандыруға да аса мән берілген. Экологиялық науқанға жиналғандар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасынан кейін экосана қайта жаңғырды деп есептейді.
Экологиялық акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» деп аталды. Жалпы республикалық науқанға қала тұрғындары мен қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері жаппай жиналды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те үлгі көрсетіп, көшені көгалдандыруға өз үлесін қосты.
Бахадыр Нарымбетов, қалалық мәслихаттың төрағасы:
- Президенттің бастамасы өте орынды деп есептейміз. Дәстүр қайта жаңғырып отыр. Шымкентте «бір шыбықты жерге тықсаң, көгеріп шығады» деп бекер айтпайды. Соған біз сәйкес болуымыз керек. Бізде толық мүмкіндік бар.
Экологиялық науқанға жалпы саны 3 мыңнан астам адам жұмылдырылды. Белгіленген 10 аймақта көше мен аулалар тазаланып, талдардың түбі әктелді. Қоқыс жәшіктері мен орындықтар сырланды. Ордабасы алаңы мен Қошқарата өзенінің жағалауын абаттандыруды бірлесіп, белсенді атқарды.
Майра Мұхамедқызы, опера әншісі:
- Таза ауа, таза қалада тұру, соны таза ұстау әрбір азаматтың, әрбір тұрғынның міндеті, борышы деп санаймын. Мен ойлаймын, күш жиналса, адамның бағындырмайтын асулары жоқ.
Әрі қарай жалпыжұрттық акция жаңадан құрылған ШымСити, Асар-2 шағынаудандарында жалғасты. Айтыс ақындары домбыраның орнына күрек алып, көшенің тазалығына атсалысты. Айтуларынша, «қоршаған ортаны қорғау – ортақ міндет».
Нұрлан Есенқұлов, айтыскер ақын:
- «Еңбек етіп жатырмыз дәл осында. Тазалықтың білеміз бағасын да. Күнде-күнде домбыра тартып жүрміз. Күрек ұстап тұрайық арасында», – деп белсенді кірісіп жатырмыз.
Шымкентте республикалық акция аясындағы «Таза өлке» апталығы бүгін кешкі 17:00-ге дейін жалғасатын болады. Одан әрі «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» атауы бойынша жаппай сенбілік ұйымдастыру жоспарланған.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.