Жаңаөзенде футболдан бірінші лига ойындары өтіп жатыр

Жаңаөзенде футболдан бірінші лига ойындары өтіп жатыр

Жаңаөзенде 30 жыл үзілістен кейін алғаш рет кәсіби футболдан жарыс өтіп жатыр.

«Каспий» клубының ойыншылары өз алаңында өскемендік «Алтай» командасын қабылдады. Футболдан еліміздің бірінші лигасы сапында 16 команда бар. Олар биылғы маусым ойындарын Жаңаөзенде өткізеді. Жарысты ұйымдаструшылар – Маңғыстау облысы мен Жаңаөзен әкімдігі және Қазақстанның футбол федерациясы.

Бұл – «Каспий» клубының екінші ойыны. Бұған дейін Арыс қаласында өткен жарыста ақтаулық футболшылар 2:0 есебімен жеңіске жетті. Команда сапындағы ең жас ойыншы 16 жаста. Ол өткен ойында алғашқы голды соққан. Спортшылардың ең үлкені – 42 жастағы қақпашы.

Нұржан Жалғасбаев, «Каспий» футбол клубының директоры:

- Бұрын «Каспий» футбол клубы Ақтау қаласындағы «Жас қанат» алаңында өткізетін үйдегі матчтарды. Енді «Жас қанат» алаңын күрделі жөндеуге қоятын болғандықтан, біз осындай шешім қабылдадық спорт басқармасынан. Қарсыласымыз күшті, мықты команда. Жаңадан құрылған. Маңғыстаудың киелі жері бізге күш береді деп ойлаймын.

Жаңаөзен стадионына бір мезгілде 3 мың көрермен сыяды. Спорт кешенінің резервтегі алаңы да халықаралық талаптарға сай. Озық үлгідегі жарық жүйесімен жабдықталуы кешкі мезгілде ойын өткізуге мүмкіндік береді.

Жансейіт Қайнарбаев, Жаңаөзен қаласының әкімі:

- Осы Жаңаөзеннің футболсүйер қауымына, жалпы спортсүйер қауымға ерекше сый болғалы жатыр. Бұған атсалысқан облыс әкімі Нұрлан Асқарұлына үлкен алғыс айтамыз. Бұл –Әмин Тұяқов атындағы футбол сарайы. Ол барлық FIFA талаптарына сәйкес келеді.

Бүгінгі жарыста «Каспий» клубы 4:1 есебімен басым түсті. Айта кетсек, футболдан Қазақстанның бірінші лигасы 16 команда арасында өтеді. Яғни, ақтаулық футболшылар алда тағы 15 командамен шаршы алаңда кездеседі. Жарыс қазан айының соңына дейін жалғасады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.