Қызылордада жаңа автовокзал пайдалануға берілді
Қызылордада жаңа автовокзал ғимараты пайдалануға берілді. Сырдарияның сол жағалауынан салынған заманауи үлгідегі сапаржай «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық күрежолына жақын орналасқандықтан, автобустар қала ішіне кірмейді.
Бір мезетте 200 жолаушыға қызмет көрсететін автобекетте 38 бағытта қатынайтын рейс ашылады.
Сапаржайды салуға өңір қазынасынан 975 миллион теңге жұмсалды. Мұнда медициналық-санитарлық көмек көрсету, диспетчерлік бекет және жүк сақтау камералары бар. Әлеуметтік маңызы ерек кешеннің ашылуына қатысқан аймақ басшысы көлік-логистика саласындағы серпінді жобаларға тоқталды.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Соңғы жылдары өңірдегі барлық саланың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, оның ішінде жаңа автопарктерге басымдық беріп отырмыз. Қоғамдық көліктің мәселесін түбегейлі шешу мақсатында қалаға үлкен сыйымдылықтағы 300 жаңа автобус алдық. Жол мұраты – жету. Ақ тілеулі, кең пейілді халқымыз қашанда басталатын ұзақ сапардың алғашқы қадамына, жол басына ерекше мән берген. Бүгінгі жаңа автовокзалдың алғашқы жолаушылары да ел ағаларының ақ батасымен жолға шыққалы тұр.
Қалаішілік қоғамдық транспорттан бөлек, 11 ауданаралық автобустарға қызмет көрсететін сапаржайдан көршілес мемлекеттерге де бағыт ашылады. Автовокзалда жолаушыларды түсіруге 6, сапарға аттанатындарға 11 перрон қарастырылған.
Мақсат Жүсіп, автобус паркінің директоры:
- Заманауи үлгіде салынған автовокзалдардың бірі. Автовокзалдың ішінде жүргізушілерге арналған демалыс бөлмелері, ана мен бала бөлмелері, одан бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған көптеген құрылғылармен жабдықталған.
Жалпы соңғы жылдары өңірдің басты көлік-логистикалық нысандарын жаңартуға баса мән беріліп жатыр. Теміржол вокзалы заманауи үлгіде қайта жаңғыртылды. Енді жуырда жаңа әуежай терминалы ел игілігіне берілмек.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Айтмұхамбет Бәйділдаев.