Елорда кәсіпкерлері тазалық акциясын қолдады

«Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі». Осындай тақырыпта қалада тазалық акциясы басталды.

Шаһар тұрғындары мен жастар, кәсіпкерлер де өз үлесін қосып, тазалық акциясына қатысып жатыр.

Бүгін елорда кәсіпкерлері сыпырғышы мен күрегін сайлап, «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, сенбілікке шықты. 5 мыңнан астам кәсіпкерлік нысандары: кәсіпорындар, шағын және орта бизнес, сауда орталықтары, сән салондары, дәмханалар мен дүкендер, басқа да жеке компаниялар мен ұйымдардың өкілдері өз нысандарына жақын аумақтарды тазартып жатыр.

Нұрлан Жұмеков, «Шарын» базарының әкімшісі:

- Бүгін қалалық әкімшіліктің бастауымен таза қала акциясы өтіп жатыр. Біздің бірінші жоспарымыз деп есептейміз. «Шарын» базарының ұжымы бірлесіп, өзіне бекітілген аумақта тазалықты қамтамасыз етіп жатыр. Күнделікті тазалық жұмыстары болып жатқанына қарамастан қалада осындай акциялар бізге өте қажет.

Кәсіпкерлер Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, аулаларды тазалау, көгалдандыру, ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Жыл сайын өтетін тазалық акциясы тұрғындардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселесіне аударуды, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.

Құрманбек Манкеев, шаруашылық меңгерушісі:

- Қазіргі кезде мынау жаңбырдың қатты жауғанынан, қардың ерігенінен айналамыз былғанып кетті. Мінекей, арнайы техникалар бөлініп, жабдықтарымызды алып, балаларды ұйымдастырып, тазалық жүргізіп жатырмыз. Жалпы осы қаламыздың көрікті болуына осы атсалысып, ағаш отырғызсақ па деп жатырмыз тағы да қосымша. Көктем айы тазалық айы болғандықтан, тазалық жүргізіп жатырмыз.

Елде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталды. Ауқымды экологиялық науқан 5 аптаға созылады. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналған. Бірінші апта «Таза өлке» деп аталса, келесіге «Киелі мекен» атауы беріліп, тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмысына бағытталады. Ал 20-27 сәуір аралығы «Жасыл аймақ» деп аталады. 4 мамырға дейін «Өнегелі ұрпақ» аясында ардагерлер аулалары мен қарттар үйлерінің аумағын тазаланады. Бесінші апта «Мөлдір бұлақ» деп аталып, өзендер мен көлдердің айналасы қоқыстан тазартылады.

Авторлары: Зарина Кәп, Асхат Каракойшиев, Дмитрий Дмитриев.