Елордада тазалық акциясы басталды
Астаналықтар көше бойын қоқыстан тазартып, арықтарды аршыды.
Бұлардың қатарында «Тұран-Астана» университетінің студенттері де бар. Ықылас Дүкенұлы көшесін тазалауға атсалысқан жастар жаңа бастамаға ұйытқы болды. Олар «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» челленджін Қазақ агротехникалық университетіндегі құрдастарына жолдады.
Бүгін Елордадағы «Тұран-Астана» университетінің студенттері қолдарына күрек пен сыпырғыш алып, көшеге шықты. Ықылас Дүкенұлы көшесінің бойын қоқыстан тазалап, ағаштарды түптеді.
Ирихана Ермұқашева, студент:
- Жалпы бүгінгі шараға шығып отырған себебіміз, яғни біз қоршаған ортамызға жанымыз ашиды. Қоршаған ортаны таза ұстау мақсатында өзіміздің үлесімізді қосуға шықтық. Кейде қала тұрғындары немесе өзіміздің достарымыз қоқыс жәшігіне салмай, жай ғана лақтыра салады. Олай болмайды. Қаламызды таза ұстау өзімізден басталады.
Бүгінгі іс-шара «Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында ұйымдастырылды. Университеттің 200-ден астам студенті таңертеңнен түске дейін көше бойын тазартып, 200 қаптан астам қоқыс шығарды.
Гүлжамал Жапарова, «Тұран-Астана» университетінің ректоры:
- Біздің барлық студент бір адамдай қолдап Президенттің бастауын, қазір белсенді қатысып жатыр. Біз қаладағы жоғары оқу орындары арасында бірінші болып осы республикалық экологиялық акцияға қатысып жатырмыз. Бұл челленджді «Тұран-Астана» университетінен біздің студенттер аграрлық университетке жолдайды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы 5 аптаға созылады. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналады. Ел тұрғындары «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» деп аталған апталықтар аясында көшелерді, тарихи ескерткіштер мен өзен-көлдерді қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап.