Шымкенттіктер экологиялық акцияның алғашқы аптасын қорытындылады
Шымкенттіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының алғашқы аптасын қорытындылады. 22 мың адам жұмылып, 200 тоннадай күл-қоқыс шығарылды.
Мегаполис тұрғындарының айрықша қолдауына ие болған науқан 5 аптаға созылады.
Табиғат жанашыларлары «Таза өлке» апталығында дендрологиялық саябаққа жиналды. Қаланың негізгі демалыс орнында ағаштар әктеліп, артық өскіндер қырқылды. Жастар мен аға буын жаяу жүргіншілер жолын жуып-шайды.
Бастархан Байжанов, қала тұрғыны:
- Елге шетелден туристер келеді. Соған лайық қаламызды таза ұстап, жастарды соған тәрбиелеп, әрі қарай жалғастыра береміз. Парктер мен әр үйдің алдынан бастау керек.
Экологиялық науқан Сайрамдағы «Қызыр мұнарасы» мен «Шымқала» тарихи-мәдени кешенінде жалғасты. Саяхаттаушыларды қызықтыратын бірден-бір бағыт – этнотуризм. Сол себепті оның ежелгі қалпын сақтап, күтіп-ұстауға баса мән беру керек, – дейді жиналғандар.
Жандос Құрман, «Shymqala» тарихи-мәдени кешені директорының м.а.:
- Әрине, осы тарихи-мәдени ескерткіштерімізді сақтау, оның айналасын күтіп-ұстау баршамыздың қасиетті борышымыз деп білеміз. Бұл жұмыстар жоспарлы түрде жалғасын табады деген сеніміміз бар.
Жалпыхалықтық науқан қала тұрғындары мен түрлі этнос өкілдерін, мәдениет пен спорт майталмандарын, қоғам белсенділері мен мекеме басшыларын бір мақсатқа ұйыстырды. Ол – туған өлкенің тазалағы.
Дария Қожамжарова, тарих ғылымдарының докторы:
- Қазіргі жалпы климаттың өзгеруіне байланысты бізде мұндай тазалық жер-жерде болуға тиісті деп ойлаймын. Ол қазіргі жұмыс істеп жүрген жастардың санасына сіңіп қалады.
Шымкентте акцияның алғашқы апталығына 22 мыңнан аса адам шықты. Тұрғындардың қолдауына ие болған науқан келесі аптада «Киелі мекен» деп аталады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.