Жаңаөзенде отбасылық сенбілік өтті
Жаңаөзен қаласында отбасылық сенбілік өтті. Оған 200-ден астам адам қатысты.
Шаһар халқы «Шұғыла» шағынауданы көшелерін қоқыстан тазартып, жас көшеттер екті. «Zangar.event» қоғамдық қоры ұйымдастырған шара соңы көңілді ойынға ұласты.
Жаңаөзендегі тазалық шарасы өткен аптада басталған. Бұған жауаптылар қала ішін аралап, қоқыс жиналатын орындарды белгілеп шығады. Бұдан соң қала халқына әлеуметтік желілер арқылы хабарлап, отбасылық сенбілікке қатысуға шақырады.
Берік Сұңғатов, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:
- Мәдениетке, өздеріңіз білетіндей, барлығы жатады. Соның бірі, ең бірінші, мәдениет тазалықтан басталады. Осы қаламыздың тазалығы үшін қазіргі таңда әр сенбі сайын қала деңгейінде сенбіліктер өткізіп жатырмыз. Алдыңғы аптада қала деңгейінде сенбілік өткен болатын. Дәл осы деңгейде жалғастыратын болсақ, бізден таза қала болмайтын шығар деп ойлаймын.
Бұл жолғы сенбілік тұтас бір шағын ауданды қамтыды. Осылайша, тазалық шарасы 5 ықшамауданда кезең-кезеңмен жалғаса бермек. Отбасылық сенбілік болғасын, сол шағын ауданда тұратындардың бәрі келуі тиіс.
Нұржан Мұхаммедов, «Zangar.event» қоғамдық қорының басшысы:
- Басқа да қоғамдық бірлестіктер, мемлекеттік органдар, спорт ұйымдары бәрін шақырумен шақырып, тимбилдинг форматында өтеді. Бұл жерде тек тазалық емес, халықты біріне бірін бауырластыру деген сияқты. Тек өзіміз емес, ТҮКШ дейтін бар ғой, қалалық тұрғын үй инспекциясы бар, солар техникамен қамтиды. Қала әкімшілігі біздің әрбір шарамызды қолдап тұрады.
Қоғамдық қор Жаңаөзенде биыл ақпан айында құрылды. Атқаратын негізгі жұмысынан бөлек, көктемде әр апта сайын отбасылық сенбіліктер ұйымдастыруға жауапты. Алдағы уақытта тұрғындар Кендірліге жиналып, теңіз жағалауын абаттандырады.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев.