Каспий құбыр консорциумы су тасқынына қарсы шараларды қолға алды

Атырау облысындағы ірі мұнай-газ компаниялары да тасқынға тосқын жасауға кірісті.

Солардың бірі Каспий құбыр консорциумы өндірістік нысандар мен іргелес аумақтағы ахуалға тұрақты мониторинг жүргізіп жағдайды бақылауға алды. Осы мақсатта Консорциумның жанынан арнайы штаб құрылған. Бүгінгі таңда «Атырау» мұнай айдау стансасындағы ғимараттар мен өндіріс орындары орналасқан аумақты қоршай қорғаныс бөгеттері салынып жатыр. Каспий құбыр консорциумы Атырау облысындағы тасқынға қарсы шараларға 250 млн теңгеден астам қаражат жұмсады. Сондай-ақ кәсіпорын қала іргесіндегі Береке ауылы маңында 6,5 шақырымдық бөгет-қорған тұрғызуда.

Каспий құбыр консорциумының басты міндеті мұнай құбырына қатысты нысандарды аман сақтап қалу. Бүгінде «Атырау» мұнай айдау стансасының маңайындағы автоматтандырылған газ тарату станциясын қоршау, құбыр бойында 192 және 197-шақырымдарда қорғаныс бөгетін тұрғызу жұмыстары жалғасуда. Қазір консорциумға қарасты негізгі нысандар мен қоса өзен жағасындағы ауылдарда да жұмыс қарқын алған. 

Николай Горбань, Каспий құбыр консорциумының бас директоры:

- Әкімдікпен бірлесіп өзен жағасындағы ауылдарды айнала бөгет тұрғыза бастадық. Береке ауылы маңайындағы бұрынғы дамыбының 12 учаскесі қалпына келтірілді. Сондай-ақ 2 жерден уақытша автокөлік өткелін жасақтаудамыз. Су басу қаупі төнгенде ол учаскелер жабылады. Қосымша өзеннің қала бетінде 5 шақырымдық бөгет тұрғызып жатырмыз. 

Облыстық штабтың шешімінен Каспий құбыр консорциумы Береке ауылын тасқыннан қорғау жұмысына 5 сәуірде кіріскен болатын. Қазір биіктігі 5, ені 3 метрлік топырақ қорғанның негізгі құрылысы аяқтала келді. Енді, бөгет айналасы құм толтырылған қапшықпен бекітіліп жатыр.  Консорциум ұжымы бұл аралыққа 600 мың қапшық құм қалап шықты. 

Ерлан Дабысов, құрылыс департаментінің бөлім басшысы:

- Осы жерде 44 техника жұмыс істеп жатыр. Оған қоса еріктілер бар, әскерилер мен ауыл тұрғындары, барлығы көмектесіп осы жерде жұмыс жүргізіп жатырмыз. 6 шақырымның 2 шақырымы бұрынғы дайын дамбының үстін нығайттық. Осы жерде 4 шақырымдық дамбы жұмысын жүргізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта 2 шақырымы бітуде, дайын.

Облыс бойынша жарияланған табиғи сипаттағы төтенше жағдайға орай Каспий құбыр консорциумы тасқынға қарсы іс-шараларды жүзеге асыруға 250 млн теңге бөлді. Оның ішінде жаға бекіту жұмыстарынан өзге қайырымдылық көмектер де қарастырылған.

Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин