Қызылорда облысында ЕО инвестиция жобалары жүзеге асырылмақ
Қазақстанның Еуроодақ елдерімен тауар айналымы 40 миллиард доллардан асты.
2025 жылға қарай бұл көрсеткішті 50 миллиард долларға жеткізу жоспарланған. Бұл бағыттағы жобалардың бірқатары Қызылорда облысында жүзеге асуы мүмкін. Бұл туралы Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер елшілерінің Қызылорда облысына сапары барысында айтылды.
Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетімен танысу мақсатында келген елшілер Қорқыт ата мемориалдық кешенін аралады. Арал ауданындағы Әдебиет үйінің жанында теңіз жағалауындағы ағайынның байырғы тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін көрініс қойылып, балық өнімдерінен көрме ұйымдастырылды. Шетелдік қонақтар «Балықшылар аллеясына» да аялдап, көшет егу рәсіміне қатысты.
Хорхе Урбиола Лопес Де Монтенегро, Испания Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
- Испания Еуропадағы ең құрғақ аймақ. Дегенмен жасыл желекті жайқалту үшін түрлі технологиялар пайдаланылады. Онымен айналысатын арнайы зерттеу институттары бар. Арал маңында шөлге төзімді өсімдіктерді өсіру үшін осындай тың әдістерді енгізген дұрыс деп есептеймін. Бұл бағытта әріптестік орнатып, тәжіребие алмасу жоспарда бар.
Кіші Арал теңізінен бөлек Сыр өңірінде 200-ден астам көл бар. 10 балық зауыты жұмыс істейді. Оның төртеуінің өінімі Еуропа елдеріне экспортталады. Бұл көрсеткіш те аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыра түседі, деп есептейді мамандар.
Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары:
- Балық өңдеу және басқа да заттармен елшілер танысып көріп жатыр. Жел энергетикасы, күн энергетикасы, басқа да өңдеу салаларында өте үлкен қызығушылық білдіріп жатыр. Негізінде тәжірибесімен бөлісіп жатыр.
Жаһандық проблемаға айналған Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру шараларына халықаралық қорлар да үлес қосып жатқаны белгілі. Еуроодақ елшілері Көкарал бөгеті және Кіші Арал теңізінің жағдайымен танысқаннан кейін теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін егу шарасына қатысты.
Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев