Абай облысында «Таза Қазақстан» акциясын шетелдік студенттер қолдады
Абай облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын шетелдік студенттер де қолдады.
Медициналық университеттің білім алушылары «Бейбітшілік» аралының аумағын күл-қоқыстан тазартып шықты. Сенбілікке белсене қатысып қоймай, ұлттық спорт түрлерін де паш етті.
Үндістандық студент Махендра Кумардың төрт жылдан бері Семейде тұрады. Осы уақыт ішінде Қазақстанға әбден үйреніп қалдым дейді. Сондықтан да, сенбілік секілді маңызды шараларға қатысуды өзінің борышы санайды. Ал тазалық акциясына Махендрамен бірге 70 шетелдік студент үлес қосты.
Махендра Кумар, студент:
- Бұл жер өте әдемі. Шетелдік студенттер мұнда жиі келеді, ойын ойнайды. Сондықтан Қазақстан халқымен бірге екенімізді, оларға қолдау көрсететінімізді білдіргіміз келеді.
Рупендра Раджпурохит, студент:
- Қазақстан аумағында тұрып жатқандықтан, барлығы секілді ресурстар мен игілікті пайдаланып келеміз. Атап айтқанда, жер, су және ауа. Сол себепті айналамызды таза ұстау міндетіміз деп білемін.
Бүгінгі күні Семей медициналық университетінде әлемнің 11 елінен 1200 студент білім алып жатыр. Басым бөлігі Үндістан мен Пәкістаннан.
Алтай Дюсупов, «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ректоры:
- Бүгін мына «Таза Қазақстан» акция бойынша біздің шетелдік студенттер өз үлесін қосамыз деп ниетін білдірді. Шетелдік студенттер біздің Семей медицина университетінде 25 жылдан бастап оқып жатыр. Олар уже мына біздің Семей қаламызды туған қаладай көрінеді да осы тазарту жұмыстарына қатысып отыр бүгін.
Студенттер «Бейбітшілік» аралын қыс бойы жиналған қоқыстан тазартып болған соң, крикет ойынын өткізді. Ойын Үндістанда өте танымал.
Әнуарбек Мырзатайұлы, Асем Утешева, Медет Өмірханов