Қостанайда Kia зауытының құрылысы қарқын алды
Қостанайдағы Кіа зауытының құрылысы қар кетіп, жер құрғаған бойда қарқын алды.
Инженерлік-коммуникациялық жүйені өткізу жұмыстары жаз бойы екі-үш ауысымда жүргізілетін болады. Жоспар бойынша бұл мега жоба келер жылы іске қосылуы тиіс. Қостанайға арнайы іс-сапармен келген Kia Corporation президенті Хо Сун Сон құрылыс барысымен танысты.
Жетпіс гектар аумақты алып жатқан құрылыс алаңында бүгінде қызу еңбек. Өндіріс цехтарының іргетасы қаланып, қаңқасы көтеріліп жатыр. Автозауытты инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытында да кешенді іс-шаралар жүзеге аспақ.
Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:
- Тас жол, темір жол салынып, электр, газ, кәріз желісі өткізіледі. Осы маусымның 15-де жобаның сараптама қорытындысы шығарылады. Содан кейін бірден кірісеміз. Екі, үш ауысымда жұмыс істеп, күздің қара суығына дейін жылуды қосамыз.
Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Kia Corporation президенті Орталық Азия мен ТМД елдерінде автомобиль бизнесін дамытуда Қостанай облысының географиялық тиімділігін атап өтті. Келер жылы іске қосылатын жаңа зауыт жылына 70 мың автокөлік шығаратын болады.
Хо Сун Сон, Kia Corporation президенті:
- Біз жоғары сапалы зауыт салатынымызға кепілдік беремін. Кәсіпорын табысты болу үшін, жан-жақтан қосалқы өніммен жабдықтаушыларды шақырамыз. Бұл істе Сіздердің де көмектеріңіз керек. Егер барлық процесті біз бірігіп басқаратын болсақ, үлкен жетістікке жетеріміз анық.
Әрнәрсені мұқият зерттеп, зерделейтін бизнес алпауытының Қостанайды таңдауы тегін емес. Өйткені осыған дейін «Аллюр» зауытында Кіа көліктері құрастырылып келді. Яғни тәжірибе бар. Оның сыртында қажетті инфрақұлым, логистика қалыптасқан. Сондықтан да шетелдік инвестор бұл жобаға 90 миллиард тенге қаржы құйып отыр. Мұндай тікелей инвестицияның еліміз үшін тиімділігі зор, дейді экономика ғылымдарының докторы Сансызбай Жиентаев.
Сансызбай Жиентаев, экономика ғылымдарының докторы, профессор:
- Тікелей инвестиция болады және жанама инвестиция болады. Солардың негізінде айырмашылығын біле отырып, бізге негізінде жанама емес, тікелей инвестиция керек, неге десеңіз сол жалпы халықтың жұмысқа деген қабілетін өзгертеді.
Кіа зауытының іске қосылуымен 1500 жұмыс орыны ашылады. Қазір соған мамандарды дайындау ісі ерекше назарда. Машина жасаудың 5 бағыты бойынша өңірдің колледждері мен жоғары оқу орындарында кәсіби білім беру қолға алынады.
Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг