Еуразиялық банк «Баға жетпес планета» коалициясына қосылды
Mastercard компаниясының бұл жаһандық бастамасын Қазақстаннан алғаш болып Еуразиялық банк қолдады.
Тараптар климаттың өзгеруіне қарсы іс-шараларды қолдайды. Осыған орай Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің жанындағы саябаққа 30 талшын ағашы отырғызылды.
Еуразиялық банк жаһандық жылыну мен көміртегі шығарындыларын азайтуды қалайды. Mastercard компаниясының «Баға жетпес планета» коалициясына қосылуы да сондықтан. 2025 жылға қарай 100 миллион ағаш отырғызуды жоспарлап отыр.
Айта кетейік, Қазақстан 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша міндеттеме алған.
Рафал Трэпка, Орталық Азиядағы Mastercard бас директоры:
- Mastercard жаһандық коалиция құрды. Оған әлем бойынша 150 компания кіреді. Бірақ Орталық Азияда қатысушымыз болмаған. Қазақстан алғаш болып қосылып отыр. Сондықтан бүгін Еуразиялық банктің коалицияға кіру туралы шешім қабылдағаны біз үшін маңызды.
Бүгінгі таңда әлемде болып жатқан климаттық өзгерістер халықтың жайлы өмір сүруіне теріс әсерін тигізіп отыр. Мұны тасқын сулар мен алапат өрт оқиғалары растайды. Сондықтан Mastercard барлық жерде қоршаған ортаны қорғау жобаларына бастамашы болып келеді. Мәселен, қайта өңделген пластиктен жасалған жасыл бонусты экокартасы бар.
Ләззат Сатиева, «Еуразиялық банк» АҚ басқарма төрағасы:
- Адамдардың бәрінің бірдей ағаш отырғызуға мүмкіндігі бола бермейді. Ал экокартадан ақша жіберетін болса, ағаш алып, күрек іздеп әуре болмайды. Еуразиялық банк соның бәрін ұйымдастырып береді. Қаражат мақсатты түрде жасыл желек егуге жіберіледі. Яғни, біз сіздермен бірге елімізді, әлемді көгалданыруға атсалысамыз.
Банк табиғатқа қамқорлық, әлеуметтік жауапкершілік және ESG қағидаттары экономика мен бизнестің тұрақты дамуына ықпал етеді деп санайды. Соңғы 3 жылда олар еліміз бойынша 200-ден астам ағаш еккен.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон.